Түркістан облысында дүние жүзінің түкпір-түкпірінен дәрігерлер келіп, жергілікті науқастарды қабылдап жатыр. Сегіз топтан тұратын 30 шақты медицина маманы Сайрам ауданында болып, тегін медициналық көмек көрсетті. Елбасының “Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асып жатқан тарихи оқиға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың қолдауымен жүзеге асып отыр.
Республикалық «МИР через ДУХОВНОСТЬ» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, алдымен, облыстық клиникалық ауруханада «Халықаралық медициналық конференция» өткізіп, жергілікті медицина саласының жетекшілері және мамандарымен тәжірибе бөлісті.
«Біз бұрын-соңды болмаған тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Түркістан облысы әкімінің мұрындық болуымен жүзеге асқан маңызды шараға келген
республикалық “МИР через ДУХОВНОСТЬ” қоғамдық бірлестігінің
дәрігерлері мен еріктілердің игі ісі көпке үлгі болары сөзсіз», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаев.
Бұл шараға республикалық «МИР через ДУХОВНОСТЬ» қоғамдық бірлестігінің бас-аяғы 70-ке жуық мүшесі жұмылдырылған. Атап айтсақ, 42 медицина маманының 29-ы шетелдік (АҚШ, Англия, Германия және Малайзия), 9-ы ТМД елдерінің (Ресей, Әзірбайжан, Украина, Молдова) және 4-уі қазақстандық дәрігерлер. Топпен бірге еріктілер мен аудармашылар да келген.
Алыстан ат арытып келген дәрігерлер 8 топқа бөлініп қызмет көрсетіп жатыр. Атап айтсақ, мамандар Сайрам аудандық ауруханасы мен «Қарабұлақ», «Манкент», «Қарасу», «Қарамұрт», Қайнарбұлақ» бастапқы медициналық – санитарлық көмек орталығы мен №12 Шымкент қалалық емханасына бекітілген халық арасында қабылдау өткізіп жатыр.
Шетелдік мамандардың Сайрам ауданын арнайы өздері таңдауы бекер емес. Өйткені, мұнда халық көп, тығыз орналасқан. Оның үстіне, бірқатар елді мекендер қаладан шалғай орналасқан.
Мұхит асып келген онкология, педиатрия, ревматология, стоматология, терапия, гинетика және гастроэнтерология саласының мамандары шілде айының 6-на дейін халықты тегін қабылдауға дайын. Бүгіннің өзінде жұмысшы топ күніне 1,5 мыңға дейін науқас қабылдап, ем-домын жазып беріп жатыр. Кейбір дәрі-дәрмектер мен қажетті көзілдіріктерді мамандардың өзі сайрамдықтарға тегін таратып бермек.