Шымкент қаласындағы «Сайрам» медициналық колледжінде отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған тағылымы мол, мазмұнды кездесу өтті.

«AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалы және аудандық Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен өткен «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясындағы іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты жетекшісінің орынбасары, «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі кеңес төрайымы Жандосова Баян Айтбекқызы, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Байқонысов және «Қарызсыз қоғам» жобасының Шымкент қаласы бойынша қаржы сарапшысы, регионалдық координаторы Тұрарова Ақбота Мұратқызы, Қаратау ауданы бойынша Әйелдер қанатының жетекшісі, колледж директоры, PhD-доктор Баймағамбетова Жанара Амирханқызы, денсаулық сақтау және білім саласының мамандары, қоғам белсенділері, аналар мен қыз-келіншектер қатысты.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, қатысушыларға ерекше рух сыйлады. Жиын барысында отбасы институтын нығайту, аналардың қоғамдағы рөлін арттыру, әйелдердің әлеуметтік белсенділігін қолдау, қаржылық сауаттылықты дамыту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Бүгінде берекелі отбасы – тұрақты қоғам мен жарқын болашақтың негізі екені айтылып, жас ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі сөз болды.

Баян Айтбекқызы өз сөзінде әйелдердің қоғамдағы белсенділігі мен аналардың отбасы тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, отбасыдағы татулық пен сыйластықтың қоғам тұрақтылығы үшін маңызын атап өтті. Сонымен қатар әйелдерді қолдау бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.
Ал, Ербол Байқонысов қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың басты тірегі отбасы екенін айтып, ұлттық құндылықтарды сақтау мен жастар тәрбиесіне бейжай қарамаудың маңыздылығына тоқталды. Ол бүгінгі кездесулер халықпен ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Кездесуде ерекше қызығушылық тудырған тақырыптардың бірі – қаржылық сауаттылық мәселесі болды. Бұл бағытта сөз алған Ақбота Мұратқызы отбасылық бюджетті тиімді жоспарлау, артық несие жүктемесіне жол бермеу және қаржыны дұрыс басқару жөнінде пайдалы кеңестер берді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.
© Didarbek.kz