Бүгін Тұран ауданы аумағында тұрғындармен кездесулер барысында көтерілген мәселелер бойынша берілген тапсырмалардың іске асырылу деңгейін зерделеу мақсатында жұмыс аралауы ұйымдастырылды.
Аралау барысында Қалдаяқов көшесі №6, Интернациональная көшесі №8, Гагарин көшесі №143а көпқабатты тұрғын үйлерінің аулалары, Арғынбеков – Бәйтереков көшелері бойындағы сквер, Алтынжол көшесі қиылысындағы жаяу жүргіншілер аймағы және Денсаулық жолы аумағы қамтылды.
Сонымен қатар Байтұрсынов көшесіндегі суғару жүйелерінің жай-күйі мен аудан көлемінде жүргізіліп жатқан суғарылу жұмыстары қаралып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.
Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуы тұрақты бақылауда болады.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту және оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету – ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының негізгі факторларының бірі болып табылады. Осы бағытта су, электр, жылу және кәріз жүйелерінің тозу деңгейін төмендету және оларды кезең-кезеңімен жаңғырту мәселелері ерекше назарда тұр.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында көпқабатты үйлердің инженерлік желілерін күтіп-ұстау, ақауларды дер кезінде анықтап жою және апаттық жағдайлардың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Бұл ретте басқарушы ұйымдар мен тиісті қызметтердің өзара үйлесімді әрекет етуі маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын жедел қабылдау және өңдеу тетіктерін жетілдіру қажеттілігі атап өтілді. Санитарлық тазалық, қалдықтарды шығару және қоғамдық аумақтарды күтіп-ұстау бағытындағы жұмыстар да тұрақты бақылауда болуы тиіс.
Алдағы кезеңде инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ маусымдық жүктемелерге дайындықты күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданатын болады.