Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Әлеумет » БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы демалысын ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.

Мамандардың мәліметінше, биыл қаладағы жалпы білім беретін мектептердің 1–10 сыныптарында білім алатын 262 мыңнан астам оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланған. Оның ішінде 245 мыңнан астам бала сауықтыру, танымдық және тәрбиелік іс-шаралармен қамтылады.

Жазғы демалысты ұйымдастыру барысында мемлекеттік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық беріледі. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады.

Брифингте балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы құрылған Балалар құқықтарын қорғау басқармасының қызметі таныстырылды. Басқарма балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, олардың заңды мүдделерін қорғау және қажетті көмек көрсету бағытында жұмыс жүргізеді.

Сондай-ақ, тұрғындарға балалардың құқықтарының бұзылуы, зорлық-зомбылық немесе қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар анықталған кезде құзырлы органдарға жедел хабарлау қажеттігі ескертілді.

Мамандардың айтуынша, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – мемлекеттік органдардың ғана емес, ата-аналар мен қоғамның ортақ міндеті.

Бұдан бөлек, жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, мектептерде, сауықтыру лагерлерінде және қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелері бойынша арнайы кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың денсаулығы мен өміріне төнетін қауіптердің алдын алуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Қалада балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыстар алдағы уақытта да кешенді түрде жалғасады. Бұл бағытта мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, құқық қорғау құрылымдары және қоғамдық ұйымдар өзара іс-қимылды күшейтіп, әрбір баланың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне, сапалы демалыс ұйымдастырылуына және заңмен қорғалатын құқықтарының сақталуына баса назар аударатын болады.

 

Пікір жазу