Шымкент қаласында цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, интернет қолжетімділігін кеңейту және ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге бағытталған.
Қалалық әкімдік пен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының бірлескен жұмысы нәтижесінде «Smart Data Ukimet» ақпараттық жүйесі негізінде Шымкент қаласының ситуациялық орталығы құрылды. Аталған жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған деректерді жинауға, сақтауға және талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйеде жасанды интеллект көмекшісі қарастырылған. Бүгінде платформада 124 ақпараттық жүйемен интеграция жасауға мүмкіндік бар және бірқатар кейстер іске асырылған. Басқармалар тарапынан берілген 100 ұсыныс бойынша техникалық жұмыстар жалғасуда.
Білім беру саласын цифрландыру шеңберінде мектептердің интернет желісін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта қаладағы 161 мектептің интернет жылдамдығы секундына 100 мегабит деңгейіне жеткізілді. Сонымен бірге интернет желісін қашықтан бақылау жүйесі іске қосылып, ақауларды анықтау және қалпына келтіру мерзімі екі есеге қысқарды.
Мобильді байланыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Егер 2024 жылы қала аумағында 1490 базалық станция жұмыс істесе, 2025 жылы олардың саны 1752-ге жеткен. Ал биыл қосымша 33 жаңа станция іске қосылып, жалпы саны 1785-ке жетті.
Жаңа нысандар Қайнарбұлақ, Солтүстік-Батыс, Нұрсат, Жиделі, Қайтпас, Қызылжар, Шымсити, Достық, Асар және басқа да шағынаудандар мен тұрғын алаптарда орнатылды.
Сонымен қатар, қалада бесінші буын мобильді байланыс технологиясын енгізу жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы 21 нысан қамтылған болса, келесі жылы бұл көрсеткіш 393 нысанға дейін ұлғайған. Алдағы кезеңде тағы 227 жаңа 5G нүктесін іске қосу жоспарланған.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады. Негізгі басымдық шалғай тұрғын алаптарды сапалы интернетпен қамтуға, мемлекеттік қызметтердің цифрлық қолжетімділігін арттыруға және ақпараттық жүйелердің киберқауіпсіздігін күшейтуге бағытталады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарына қолайлы цифрлық орта қалыптастырып, мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.