Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында 30 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді.
Қала әкімі қоныс иелерін жаңа баспанамен құттықтап, тұрғындарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Сонымен қатар қала әкімі А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейі мен Хамза атындағы №42 жалпы орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Жобалар аясында инженерлік желілерді жаңарту, ғимараттың ішкі бөлігін кешенді жөндеу, инфрақұрылымды жаңғырту және аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс басқармасына барлық жұмысты сапалы орындап, нысандарды жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Аралау барысында Бәйдібек би даңғылындағы жерасты өткелі маңындағы жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының жай-күйі де тексерілді. Бұған дейін тұрғындар көшпелі кездесу барысында осы аумақтағы жаяу жүргіншілер жолының құрылысын аяқтау мәселесін көтерген болатын. Қазіргі таңда жұмыстар толық аяқталған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту мақсатында бұл аумаққа алдағы уақытта бағдаршам орнату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Әл-Фараби көшесі мен А-2 айналма жолының қиылысында солға бұрылуға арналған жеке өткел ұйымдастыру мәселесі қаралды. Жобаны іске асыру жолдың өткізу қабілетін арттырып, көлік қозғалысын тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Жауапты тұлғаларға құрылыс барысында абаттандыру және көгалдандыру талаптарын толық сақтау тапсырылды.
Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары шеңберінде қаладағы өзге де мектептер мен балабақшаларға кезең-кезеңімен күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Бұл шаралар оқушылар үшін қауіпсіз әрі заманауи оқу ортасын қалыптастыруға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, қалада оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында жаңа білім беру нысандарын салу және қолданыстағы мектептерді кеңейту жұмыстары жалғасады. Бұл өз кезегінде үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Тұрғын үй құрылысы саласында әлеуметтік осал топтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағдарламалары аясында жаңа жобалар іске асырылып, ипотекалық тетіктер арқылы тұрғын үй алу мүмкіндіктері кеңейтіледі. Бұл тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.