Шымкенттегі «Түркістан» сарайында Қазақстан Республикасының халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Францияның өнер мен әдебиет орденінің кавалері, «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Әубәкірова Жәния Яхияқызының шығармашылығына 30 жыл толуына арналған үлкен концерт берілді.
Франция, Англия, Германия, Жапония, Ресей, Польша, Италия, АҚШ, Израиль, Грекия және Венгрия елдерінде жеке концертін беріп келген қазақ дарыны Қазақстанның да бірқатар сахналарында өз өнерін паш етті.
Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы мен Санкт-Петербург филармониясы, Мәскеудің Музыка үйінде, «Salle Pleyel», «Salle Gaveau», «Barbican Hall», «Wigmore Hall», «Vigoda Hall», «Konzerthaus», «The Kennedy Centre Concert Hall», «Carnegie Hall» залдарында өнер көрсеткен Жәния Яхияқызының Михаил Плетнев, Александр Сладковский, Александр Ведерников, Денис Шаповалов, Марат Бисенғалиев, Александр Тростянский, Кристоф Мангу, «Danel» квартеті, Ресей ұлттық оркестрі, Француз радиосының симфониялық оркестрі, Үндістанның симфониялық оркестрі, Ағылшын камералық оркестрі, Израиль камералық оркестрі сияқты белгілі ұжымдармен де өнердегі ізі айрықша.
Өнер қарлығашымен Оңтүстік өңірінде өткен концертке Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік «Kazakh Quartet» шекті аспаптар квартеті арнайы қонақ болып, Оңтүстік жұртшылығына өнер тартуын арнады.
Шара соңында облыс әкімі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының ықылас гүлі табысталды.
Өз тілшімізден