Шымкент қаласында «Домбыра – ұлт үні, Конституция – мемлекет тірегі» атты мерекелік акциясы жалғасуда. Бұл жолы өнер ордасына айналған кезекті мәдени алаң – «Shymkent Plaza» сауда-ойын-сауық орталығы. Ісшарада қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың халық әндерінің жанды дауыстағы орындауын үлкен ықыласпен тыңдады.
Дәстүрлі өнердің салтанат құрған сәті сауда кешенінің қақ ортасында көрініс тапты. Орталыққа келген бұқара өнерпаздардың шығармашылығына тәнті болып, әуезді әуенді ұялы телефондарына таспалады және әртістерге ықыласпен қошемет көрсетті. Ұлттық өнермен осындай бейресми форматтағы жүздесу көпшілік үшін жағымды тосынсый болып, алдағы айтулы мерекенің асқақ рухын сезінуге мүмкіндік берді.
Ұлттық домбыра күні – халықтың рухани мұрасын сақтаудағы дәстүрлі музыка мәдениетінің маңызын айшықтайтын айтулы мейрам. Мұндай акциялар ұлттық өнерді концерттік залдардың шеңберінен шығарып, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігімен ұштастыруға жол ашады. Қоғамдық орындарда домбыра үнінің күмбірлеуі ұрпақтар сабақтастығын сақтауға септігін тигізеді, жастардың ел тарихына деген қызығушылығы оянады.
«Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншісі Н.Балтақожа домбыра үні – ұлттық бірегейліктің басты нышандарының бірі екенін тілге тиек етті.
Мерекелік бағдарламалар шаһардың өзге де мәдени алаңдарында жалғасады. Бұл акция тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, елдің өткені, бүгіні мен болашағын біріктіретін қазақ мәдениетінің символы – домбыраның ерекше рөлін тағы бір мәрте айшықтауды көздейді. Мұндай мәдени бастамалар қала тұрғындарын дәстүрлі өнермен жақындастырып, күнделікті ортада ұлттық құндылықтарды насихаттаудың тиімді үлгісін көрсетеді.