Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте биылғы қаңтар-маусым айларындағы қала бюджетінің орындалуы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар және мемлекеттік қажетіне жер учаскелерін қайтару жұмыстарының барысы қаралды.
Қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаевтың айтуынша, Шымкент салық түсімдерінің өсу қарқыны бойынша жоғары көрсеткішті сақтап, еліміздегі үздік бес өңірдің қатарына кіріп отыр. Сонымен қатар, бюджет кірісін ұлғайту және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде Шымкент баға өсімі ең төмен өңірлердің қатарында екені, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша республикада үшінші орында тұрғаны атап өтілді.
Қалада әлеуметтік бағамен өнім сату жұмысы да жалғасуда. Бүгінде тұрғындар 100 сауда нүктесінде бірінші кезекте қажет тауарларды қолжетімді бағамен сатып ала алады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты ұйымдастырылып, баға жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Жиын барысында мемлекеттік қажетіне жер учаскелерін қайтару мәселесі де қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстардың заң талаптарына сәйкес жүргізілуі және жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Жауапты басқармаларға атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру тапсырылды.
Қала әкімі қаралған мәселелердің әрқайсысы тұрғындардың әлеуметтік жағдайына және қаланың тұрақты дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты бюджет қаражатын тиімді пайдалану, азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау және жер қатынастары саласындағы жұмыстардың сапалы орындалуы маңызды екенін жеткізді.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау және тұрғындарға қолжетімді өнім ұсыну тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігі айтылды. Жауапты сала басшыларына нарықтағы баға өзгерістерін тұрақты бақылап, негізсіз қымбаттаудың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.