Шымкент қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және олардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда.
Бүгінгі таңда баспана кезегінде тұрған 2 865 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Оның ішінде 1 800 отбасы несиелік тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, тағы 1 065 отбасы жалға берілетін пәтерлерге ие болды.
2026 жылдың соңына дейін кезекте тұрған тағы 4 521 азаматты үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 753 жалға берілетін пәтер және 2 768 несиелік бағдарлама аясындағы пәтер беріледі.
Осылайша, биыл іске асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламалары аясында 7 386 кезекте тұрған азамат баспанамен қамтамасыз етіледі.
Тұрғын үй жобаларын іске асыру Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен бірге, Шымкент қаласында кезекті 40 отбасы баспаналы болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жалға берілетін, кейін сатып алу құқығы қарастырылған тұрғын үй бағдарламасы аясында жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
Пәтерлер жеңілдік санатына жататын азаматтарға беріліп отыр. Олардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген тұлғалар бар.
Бұл азаматтар Бозарық шағынауданында орналасқан заманауи үйлерге қоныстанады. Бұл көп қабатты нысандар барлық қажет инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Тұрғын үймен қамту шараларының ауқымын кеңейту қаладағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, баспана мәселесін шешуге мұқтаж азаматтарға нақты қолдау көрсетіп отыр. Жаңа тұрғын үй жобаларының кезең-кезеңімен жүзеге асуы тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартумен қатар, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да оң әсерін тигізуде, жаңа мүмкіндіктер мен қолайлы жағдайлар қалыптастыра отырып, тұрақты түрде және жүйелі түрде.
Айта кету керек, баспана қорын ұлғайту тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтардың кезегін кезең-кезеңімен азайтуға және тұрғындарды жеке баспанамен қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік береді.