Шымкенттегі жаңадан ашылған Жапон бағында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ақпараттық-құқықтық акция өтті. Мамандар қала тұрғындары мен жастарға өз құқықтарын қорғау, интернет-алаяқтықтан сақтану және құқық бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігін түсіндірді.
Ісшараны Шымкент қаласындағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдігі, Жастар ресурстық орталығы, әкімдік, прокуратура, полиция және Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп ұйымдастырды.
Акция барысында тұрғындарға ақпараттар таратылып, түрлі жағдайларда әрекет ету тәртібі түсіндіріліп, құқықтық сауаттылығықтарын арттыруға басымдық берілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары қаладағы шамамен 40 колледж бен 9 жоғары оқу орнында тұрақты жүргізіледі. Кездесулерге прокуратура, полиция және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары қатысады.
Жастар ресурстық орталығы өкілінің сөзінше, басты мақсат – жастардың заң талаптарын білуімен қатар, өз құқықтарын қорғаудың нақты тетіктерін меңгеруіне жағдай жасау. Ал жаңа оқу жылында түсіндіру жұмыстары әсіресе қалаға алғаш келген бірінші курс студенттеріне бағытталмақ.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда мұндай ашық форматтағы кездесулердің маңызы зор. Себебі азамат өз құқығы мен міндетін неғұрлым жақсы білген сайын, заңсыз әрекеттердің алдын алып, мәселесін өркениетті жолмен шешуге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде қоғамдағы құқықтық жауапкершіліктің артуына ықпал етеді.
Ұйымдастырушылар «Заң және тәртіп» қағидаты тек заң бұзғаны үшін жауапкершілікті емес, әр азаматтың өз құқығын білуін, өзгенің құқығын құрметтеуін және қажет жағдайда тиісті органдарға жүгінуін де көздейтінін атап өтті.