Бүгін Шымкент қаласының әкімдігінде Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті.
Ісшараға қала активі, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органының өкілдері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, жалпы 400-ден аса адам қатысты.
Жиылғандар алдында сөз алған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баршаны аяулы да асқақ қаланың дүбірлі мерекесі – Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Үшінші мегаполис атанған Шымкенттің жаңа тынысы ашылғанын атап өтті. Қазірдің өзінде қаламызға ірі инвесторлар қызығушылық танытуда. «Қазіргі таңда әкімдіктің мемлекеттік басқару жұмысын жүйелеу басты орында. Әрине, тұрғындар жоғары өмір сүру деңгейін күтіп отыр. Халықтың табыс көзін ұлғайту, жұмыс орындары, білім, мәдениет – жан-жақты даму сатысын жасауға барынша тырысамыз» — деді Әбдірахымов.
Сонымен қатар, жиын барысында Шымкент қаласының әкімі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан 16 азаматқа «Астанаға — 20 жыл» мерекелік медалін табыстады.