Бүгін Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай Түркістан облысы, Отырар ауданының жастары «Туған күніңмен, Астана!» мерекелік кешін ұйымдастырды.
Шараның мақсаты- Тәуелсіздік жылдарының асқақ абыройы мен жарқын болашағын айқындайтын, ел іргесінің берік, шаңырағының биік екенін көрсететін айбыны мығым Елордасы Астананың мерейлі мерекесін ардақтап, бірге тойлау. Еркін форматта өткізілген басқосуға аудан басшысы Айтаханов Ерлан Қуанышұлы арнайы қатысып, барша отырарлықтар мен жастарды айтулы мерекемен құттықтап, Астананың ауыз толтырып айтар мәртебесі мен ерекшелігіне тоқталды.
«Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан жиырма жыл бұрын мемлекет мүддесін таразылап тарихи шешім қабылдаған болатын. Астананың еліміздің орталығы Арқа төсіне көшуі саяси, мәдени – рухани, экономикалық тұрғыдан оң шешім болғаны бұл күндері дәлелденіп отыр. Азиада ойындары, ОБСЕ самиті, Евразия форумы, ЭКСПО-2017 т.б. халықаралық шаралар әлем назарын біздің елге аударды. Баршаңызды Астанының 20 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, Елордамыздың абыройы асқақтай берсін!» — деп, ізгі ниетін білдірген Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов 6 шілдеде дүниеге келген Астанамен құрдас, Елбасымен аттас — НҰРСҰЛТАН Оралханды туған күнімен құттықтап, арнайы сыйлықтар табыс етті.
Жиын барысында ауданның бірқатар белсенді жастары алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік шарада Астананың құрдастары Елордаға арнаған өлеңдерін оқып, ән айтып думан көркін қыздырды.