Шымкент қаласында құрылыс нысандарының заңдылығын қадағалау, тұрғын үй қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған 132 нысан анықталып, 78 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Оның ішінде заңсыз құрылыс бойынша 91 нысан иесіне 33,6 миллион теңге, құрылыс сапасына қатысты 22 нысанға 27,3 миллион теңге айыппұл белгіленді. Ал үлестік құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар бойынша 19 нысанға 17,1 миллион теңге көлемінде санкция қолданылды.
2025 жылы бақылау жұмыстары жалғасып, 178 құрылыс нысаны бойынша 422 әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 102,3 миллион теңгені құрап, оның 80,5 миллион теңгесі өндірілді. Құрылыс нысандарына жүргізілген мониторинг барысында 185 нысан анықталып, оның 102-сінің тиісті рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар, 25 нысан бойынша сотқа талап арыз жолданып, бірқатар заңсыз құрылыс нысандары сот шешімімен бұзылды.
Құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдеріне де ерекше назар аударылды. 2025 жылдың 11 айында құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 1 909 хабарлама тіркеліп, оның 1 309-ы тиісті реестрге енгізілді. Талаптарға сәйкес келмеген 600 хабарлама қабылданбады. Нысандарды пайдалануға қабылдау бойынша түскен 1 721 өтініштің 642-сі мақұлданып, 1 079-ына бас тарту берілді. Бұл құрылыс нысандарын пайдалануға беру кезінде заң талаптары мен құжаттардың сәйкестігін тексерудің маңызын көрсетеді.
Тұрғын үй қауіпсіздігі бағытында да бірқатар шара атқарылды. 2025 жылы газ қауіпсіздігі бойынша 90 түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, тұрғындарға 190 мың ақпараттық жадынама таратылды. Қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 103 жеке тұлға мен 18 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаладағы 190 мың тұрғын үйді тексеру барысында 2 835 ақау анықталды. Бұдан бөлек, 1 370 лифт тұрақты бақылауға алынып, жергілікті бюджет есебінен 27 лифтіні ауыстыру жұмыстары басталды.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Сатып алу рәсімдерін автоматтандырылған бағдарлама арқылы талдау барысында жекелеген жағдайларда тапсырыс беруші мен өнім берушінің бір IP-мекенжайды пайдалануы сияқты күмән тудыратын фактілер анықталған. Бұл жағдайлар тиісті мекемелерде зерделеніп, анықталған кемшіліктер бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар, тауарларды жоспарлау мен сатып алу бағаларын белгілеу мәселелері бірлесіп талданып, бұл бағытта кемшіліктер анықталмаған.
Мемлекеттік сатып алу қорытындыларына қатысты 209 конкурс бойынша 426 шағым түсіп, оның 165-і қанағаттандырылды, ал 259 өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды. Нәтижесінде 83 конкурс бойынша қорытындылар қайта қаралып, түзетілді. Бұдан бөлек, сатып алу рәсімдеріне қатысты 42 талап арыз сотқа жолданған. Оның 13-і бойынша шешім басқарма пайдасына, алтауы бойынша екінші тараптың пайдасына шығарылып, сегіз іс бойынша сот талқылауы жалғасқан. Қалған талап арыздардың бір бөлігі сот ұйғарымымен қайтарылған.
Жалпы, соңғы жылдары Шымкентте құрылыс саласындағы заңдылықты сақтау, тұрғын үй қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыру бағытындағы бақылау жұмыстары қарқынды жалғасып келеді. Алдағы кезеңде анықталған заңбұзушылықтарды жою, сот шешімдерінің орындалуын қадағалау және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі болып қала береді. Бұл жұмыстардың нәтижесі қала құрылысының сапасына, тұрғындардың қауіпсіздігіне және мемлекеттік басқарудың ашықтығына тікелей ықпал етеді.