«ОҢТҮСТІК» Аймақтық Инвестициялық Орталығы және Geneva Business School халықаралық мектебі бірлесе отырып, Шымкент қаласында «Invest Day» шеберлік сағатын өткізді,-деп жазады «ОҢТҮСТІК» АИО баспасөз қызметі.
Шара барысында өсу мен даму үшін инвестициялық мүмкіндіктер ашқысы келетін ірі кәсіпорын иелері мен басшыларына инвестицияларды тарту процесі, инвестициялық қажеттілікті есептеу, инвесторлардың жобаларға қойылатын талаптары сияқты өзекті тақырыптар кеңінен түсіндірілді.
Шеберлік сағатының негізгі спикерлері ОҚО-дағы бизнесті дамытуға 53 млрд. теңгеден астам қаржылай қолдау көрсеткен «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының басшысы Қ.Байтөре және 30 млн.теңгеге дейін жеке инвестициямен айналысатын Индустрия және Сауда экс Вице-Министрі және кәсіпкер Н.Раев өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушыларға өз кәсібін қалай ашу және кеңейту туралы жан-жақты мағлұмат беріп өтті.
Сонымен қатар, шара барысында бизнес, менеджмент және қаржы саласындағы әлемдік көшбасшыларды дайындау сынды миссиясын жоғары деңгейде атқарып келе жатқан Geneva Business School швейцария университетінің Қазақстандағы директоры А.Асқарова сөзге шығып, бизнесті қолдау бойынша білім беру бағдарламаларымен таныстырды. Бүгінгі таңда Geneva Business School ОҚО кәсіпкерлері мен бизнес көшбасшыларының ғаламдық деңгейге шығуына ықпал ететін инвестициялық ресурстарды тарту және экспорттық әлеуетті арттыру бойынша бірегей оқыту бағдарламасын ұсынуда.
Іс-шараны қорытындылай келе «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы мен Geneva Business School арасында компания қызметкерлерін оқыту, сондай-ақ, орталықтан қаржы алған кәсіпкерлер үшін практикалық іс-шаралар өткізу бойынша ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, облыстағы бизнес-жобаларға «ОҢТҮСТІК» АИО және Ikapitalist платформасы арқылы бірлесіп инвестиция салу мәселелері қаралды.