Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ОҚО-ДА 130 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖЕР ТЕЛІМІНЕ СӘЙКЕСТЕНДІРУ ҚҰЖАТЫ БЕРІЛГЕН

ОҚО-ДА 130 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖЕР ТЕЛІМІНЕ СӘЙКЕСТЕНДІРУ ҚҰЖАТЫ БЕРІЛГЕН

Оңтүстік Қазақстан облысында Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті тарапынан 2016-2017 жылдары жалпы 300 мыңға тарта қызмет көрсетілсе, оның ішінде 195 374-і мемлекеттік қызмет түрі. Жер теліміне сәйкестендіру құжатын дайындау бойынша — 126008, ал жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық төлқұжат дайындауда 56 мыңға жуық қызмет көрсетілген. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департамент директоры Данабек Исабеков мәлім етті.

Оның айтуынша, департамент құрылғалы бері екі жылдың көлемінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бойынша бірнеше бағытта ауқымды істер атқарылған.

ҚР Әділет министрлігі тарапынан бекітілген мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің Стандартына сәйкес, жаңадан құрылған обьектілерге  төлқұжат жасаудың қажеті жоқ.  Сондай-ақ, «Ғимараттардың, құрылыстардың және олардың құрамдастарының жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрға енгізу» қызмет түрі қосылған. Осыған байланысты жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісінің пайдалануға қабылдау актісі болған жағдайда жылжымайтын мүлік объектісі орналасқан жері бойынша ХҚКО-на немесе Электронды үкімет порталы арқылы аталған қызмет түріне өтініш беруге болады. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын түбегейлі жақсарту және мерзімдерін қысқарту.

Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясына» қарасты Әлеуметтік төлемдер ведомство аралық есептеу орталығы департамент директорының орынбасары  Несібелі Қаражанова өткен жылы жалпы 35,5 млрд. теңге сомасында төлемдер қаржыландырылғанын жеткізді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда бірнеше композиттік қызмет түрлері бар. Мысалы, азаматтар мүгедектік топтары бойынша  тағайындау және төлеу    үшін құжаттарды Медициналық әлеуметтік сараптама мекемесіне арызын өткізу арқылы бірден үш қызмет түрін  ала алады. Сондай-ақ, жаңа туылған баланы тіркеу, бала босануына байланысты біржолғы және ай сайынғы 1 жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдемақы үшін өтініштерді Медициналық мекемеде композиттік қызметтің төрт түрін алу мүмкіндігіне қол жеткізуде.

Сонымен қатар, азаматтар әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, жұмысынан айырылған жағдайда Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, әлеуметтік төлемді тағайындау үшін өтінішін өткізіп,  екі қызмет түрін ала алады.

Пікір жазу