Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Шымкенттің кешенді өзектендіру жобасына қол қойылды

Шымкенттің кешенді өзектендіру жобасына қол қойылды

Шымкент қаласының әкімі қаланың бас жоспарына сәйкес, Шымкенттің егжей-тегжейлі кешенді өзектендіру жобасына қол қойды. Бұл туралы бүгінгі өткен баспасөз-конференциясында айтылды.
Шымкенттің Бас жоспарын өзектендірудің бірнеше себебі бар еді. Мәселен, қалада жоспарға сай келмейтін құрылыс нысандары бар немесе ауылшаруашылық саласына арналған жерлерде салынған.


Жоба жасаушылармен бірге жобаны қарау кезінде ұсынған жоспарда қаланың нағыз келбеті емес екені анықталған болатын. Сол кезде қала басшысы Нұрлан Сауранбаев жоба жасаушыларды қатаң сынға алды: «Сіздер бұл аумақтарда адамдар тұратынын есепке алмағансыздар. Шағынауданның тұрғындарының жағдайы қаралмаған. Бұл жұмысты қабылдай алмаймын»- деген.


Шымкенттің бас жоспарын өзектендіру үш жыл көлемінде жүрді. «Бас жоспарға сай келмейтін тұрғын үй құрылыстары 30 пайызды құрайтын. Яғни, бас жоспарда бұл үйлер көрсетілмеген. Бұл дегеніміз — тұрғындар инженерлік инфрақұрылымдар мен жолдар жүргізе алмады. Олар тұрғылықты жерінде тіркеле алмады және соның салдарынан емханаға немесе мектепке де бекітілмеді. Бұл аудандардың болашағы жоқ еді», — деп атап өтті Шымкенттің бас сәулетшісі Нұрлан Архабаев.
Жоспарды өзектендіру – қалаға қосылған көптеген елдімекендердің жобасын егжей-тегжейлі қарастыруға мүмкіндік береді. Бас жоспар дегеніміз – қаланы дамытудың ұзақ мерзімді тұжырымдамалық бағдарламасы. Бұл қаланы дамытудың ғылыми дәлелденген жоспары.

Пікір жазу