Шымкент қаласында Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты ауқымды іс-шара барысында екі мың адам қатысқан «Қаһарман Ұлт» шеруімен мерекелік салтанат басталды. Биылғы жылдың ерекшелігі – «Қаһарман Ұлт» шеруіне тұңғыш рет Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының басшылары, облыс пен қала атқамінерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев, майдангерлер, тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері, соғысқа қатысқан азаматтардың ұрпақтары, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, жастар және БАҚ өкілдері Абай саябағындағы «Даңқ» мемориалында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, қанды майданда қаза болған ерлерді еске алу митингісіне қатысты.
Бұл мерекенің еліміздің өмірінде орын алатын орны ерекше екенін айтқан аймақ басшысы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және барша Оңтүстік тұрғындарын Ұлы Жеңістің 73 жылдығымен құттықтады.
Мерекелік шара барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған әскери өмірден театрландырылған көріністер қойылып, жиналған қалың жұртқа дала ботқасы ұсынылды.
Әсет Әссанди
Асхат Әссандидің және Азат Дидарбектің фоторепортажы