Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде ҚР Үкімет басшысының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен алқалы жиын өтті. Мәжілісте өңірдегі ауыл шаруашылығы жерлерін суару және шегіртке зиянкестерінен қорғау мәселелері қаралды. Басқосуға облыс әкімі Ж.Түймебаев, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Г.Исаева және министрліктің комитет төрағалары мен Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумақтық инспекция басшылары, жергілікті шаруа қожалық иелері қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған Ө.Шөкеев Қазақстанның географиялық орналасу ерекшеліктеріне қарай мелиорациялау мәселесі бірінші кезекте оңтүстік өңірлерде өзекті екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, мәжілісте мелиорация жүйесінің мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылуы және Елбасының тапсырмасы аясында ирригация жүйесін қалпына келтіру және 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу бойынша өңірде алдағы уақытта атқарылатын шаралар сөз болды.
Облыс әкімі Ж.Түймебаев аймақтағы суармалы жерлер көлемі ұлғайтылып, жаңа бағыттағы жобалар бойынша дамытылып жатқандығын жеткізді. Айталық, өңірде өткен жылы 570,4 мың гектар суармалы жердің 498,2 мың гектары пайдаланылған.
Сондай-ақ, былтыр өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 522,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42 млрд. теңгеге артқан. Сондай-ақ озық технологияларды қолдануда Оңтүстік Қазақстан облысы республикада көш бастап тұр. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жылдан жылға қарқынды өсуде.
Басқосу барысында жергілікті шаруа қожалықтарының ұсыныстары тыңдалды. Шаруалар маусымда түрлі тыңайтқыштардың бағасын бақылауға алу керектігін және озық технологияларға сай алынатын жабдықтарға берілетін мемлекеттік қолдауларға өзгерістер енгізуі қажеттігін, сондай-ақ суармалы жерлерге судың керекті мөлшерде келуін қамтамасыз етуін сұранды.
ҚР АШМ Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы Ислам Әбішев шаруалар сауалдарына жауап беріп, ұсыныстар министрлік тарапынан шешімін табатынын жеткізді.
Сонымен қатар, жиында шегіртке зиянкестерімен күресу жұмыстары талқыланды. Үйірлі шегірткеге қарсы жұмыстар оңтүстік өңірлерде ағымдағы жылдың 10 сәуірінен басталған. Оңтүстік Қазақстан облысында марокко шегірткесіне қарсы күрес шаралары бойынша жоспарланған аумақтың 1/3 бөлігі өңделген. Өңірде биыл үйірлі шегірткелерге қарсы зерттеу жұмыстары 1 млн. 573 мың гектар аумаққа жүргізілсе, химиялық өңдеу іс-шаралары 350 мың гектарға жасалған.
ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрайымы Ажар Елемесқызы шегірткеге және олардың таралуына мониторинг жүргізуді нақты бақылау үшін GPS трэкерлер мен GPS навигаторлар қолданылатын айтты. Олар республика аумағының фитосанитарлық жай-күйін, оның ішінде өңірлердегі шегірткелер бойынша нақты көрінісін көрсететін болады.