Шардара су қоймасы жағалауындағы туризм саласын дамыту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта 255 гектар аумақта 60 нысан құрылысы жүргізіледі. Атап айтқанда, қонақ үйлер, яхт клуб, ресторандар, аңшылар және балықшылар үйі, аквапарк сынды ғимараттар бой көтереді. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов мәлім етті.
Аудан басшысының айтуынша, туристік аумаққа тартылатын инвестиция көлемі 6,7 млрд. теңгені құрайды. Аталған жобаға инвесторлар қызығушылық танытуда. Бұл жұмыстар іске асқан жағдайда 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бірнеше нысан бой көтеретін болады. Нәтижесінде өңірге келуші туристердің саны 45 мыңнан асады деп жоспарлануда.
Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауовтың мәлімдеуінше, аудан бюджетінің жергілікті кіріс көздерін ұлғайту қосымша резервтерді анықтау іс-шарасының нәтижесінде жеке кәсіпкерлердің табыс салығы 639,6 миллион теңгеге және заңды тұлғалардың мүлік салығы 536,3 миллион теңгеге, жалпы 1175,9 миллион теңгеге ұлғайту жоспарлануда. Өнеркәсіп саласы бойынша ауданда 19 кәсіпорын жұмыс жасауда. Өткен жылы осы өндіріс орындарында 7844,5 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда өндірілген өнім 1174 миллион теңгеге немесе 4,7 пайызға артқан.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2018 жылы дәндік және бұршақты дақылдар 10742 гектар, майлы дақылдар 300 гектар, шитті мақта 12000 гектар, мал азықтық дақылдары 19358 гектар және көкөніс, бақша дақылдары 11900 гектар, жалпы 59300 гектар жерге егу жұмыстары жүргізілуде.
Аят Әсетұлының фоторепортажы