Жаңадан қайта құрылған Мақтаарал ауданының әкімі тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен, сонымен бірге меритократия қағидаты аясында Мақтааралдың әкімі қызметін Бахыт Нәсірханұлы Асанов өз міндетіне алды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жиында бірінші басшыны аудан активіне таныстырған аймақ басшысы мақталы өлкеде алдағы уақытта атқарылар істің көптігіне тоқталып, шекаралық аудандағы бірқатар мәселелер бұдан былай тезірек шешімін табатынына сенім білдірді.
Сонымен бірге, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Жамантай Бейсенбаевқа алғысын білдіріп, алдағы қызметінде табыс тіледі.
Б.Н.Асанов 1962 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі инженер-құрылысшы.
Еңбек жолын 1984 жылы ЖМК «Жетісай ауыл құрылыс» трестінің нормалаушысы ретінде бастаған.
1986-2011 жылдары Ленин атындағы кеңшардың газдандыру жөніндегі жұмыстарды техникалық қадағалаушысы, Ленин атындағы кеңшардың құрылыс бөлімінің шебері, «Көксу» кеңшарының аға прорабы, «Жібек жолы» сауда базасы директорының орынбасары, Республикалық жастар кәсіпкерлігін қолдау қоры директорының орынбасары, Алматы қалалық жастар кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі қордың Фрунзе аудандық филиалы директоры, Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясының инспекторы, Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясы бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданы Жылы су селолық округінің әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласының әкімі лауазымдарын атқарған.
2011 жылдың шілде айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет етіп келді.
Жаңа қызметіне сәттілік тілейміз!..
(Ә.Ә.)