«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының «Кітапхана – Заманауи Білім орталығы» жобасы аясында Шымкент қаласындағы Күлия Айдарбекова басқарып отырған «Отырар» өңірлік әмбебап ғылыми кітапханасында «коворкинг» орталығы ашылды.
Орталықтың ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов қатысып, оқырмандарды орталықтың ашылуымен құттықтап, өздерінің жеке шығармашылық жұмыстарымен айналысып, бірлесе жұмыс жасай алатындары туралы айтып өтті. Соңғы технологиямен жабдықталған орталықта оқырмандарға арналған жағдайдың барлығы бар.
Арнайы конференц-залда семинарлар, дәрістер, тренинг өткізуге болады. Орталықта компьютермен жұмыс жасап, бейнефильм көріп, интернет желісінен ақпарат алып, стол үсті ойындарын ойнай алады. Бүгінде жаңа заман талабына сай жабдықталған орталық жастардың жиі бас қосып, пікір алмасатын еркін аймағына айналған.
Тек бір «Отырар» кітапханасының өзінде 380 мыңнан астам түрлі кітап қорының бар екенін ескерсек, білімін одан әрі шыңдай түсемін деуші оқырманға таптырмайтын орын болып отыр. Одан бөлек, қазіргі таңда кітапханада партиялық жобаның аясында кітап қорларын электронды нұсқаға көшіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Азат Дидарбек тің фоторепортажы
(Ә.Ә.)