Оңтүстік Қазақстанда демалыс күндері жалпы облыстық сенбілік өтті. Оған 45 мыңнан астам адам қатысты. Тазалық шарасы барысында 22 мың гектар аумақ тазартылып, 54 мыңға жуық ағаш әктелді, деп хабарлайды
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс аумағында өткен сенбілік серпінді өтті. Ерікті жастар мен елді мекен тұрғындары және мемлекеттік органның қызметкерлері бұл күні аулалар мен демалыс орындарын және көше бойларын қоқыстан тазартып, ағаш түбін қопсытып, әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізді.
Облыс аумағын көріктендіру, санитарлық тазалау және көгалдандыру мақсатында өткізілген жалпы облыстық сенбілікте бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, жергілікті әкімдік берген мәлімет бойынша өңірдегі 1050 шақырым жол жиектері мен жаяу жүргіншілер жолдары, 4 714 шақырым ирригация жүйесі мен 189 балалар және спорт алаңшалары, 59 гектар болатын саябақтар мен скверлер, сонымен бірге 143 дана аялдамалар әктеліп, сырланып тазаланды. Бұл жұмыстарға 341 дана техника жұмылдырылды.
Таза ауа – жанға дауа. Осы ұстанымды ұстанған оңтүстікқазстандықтар көктем айында ұйымдастырылған 12 сенбілікке бір кісідей қатысып, тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатынын айтқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ұйымдастырылатын сенбіліктерге барлық тұрғындарды бірігіп қатысуға шақырып, елді мекендер тазалығына өз үлестерін қосуды айтты.