Оңтүстік Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ордабасы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда Қажымұқан Мұңайтпасұлының 147 жылдығына арналған қазақ күресінен дәстүрлі халықаралық турнир бастау алды. Қазақ халқының маңдайына біткен орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбын ардақтап өткізген бұл дода қызықты әрі тартысты өтті. Батыр бабаларының жолын қуып, күрестің қыр-сырын үйренген спортшыларымыздың бұл сайысқа деген ықыласы ерекше.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков, «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов, аудан әкімі Рашид Қайыпжанов, бірқатар БАҚ өкілдері және «Алтын алқа» баспасының жауапты қызметкерлері қатысты. Олар спортшыларды дәстүрлі додамен құттықтап, сәттілік тіледі.
Осы жолғы турнирге Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен және еліміздің барлық облыстарынан «сен тұр, мен атайын» дейтін балуандар қатысу ниетін білдірді.
(Ә.Ә.)
Асхат Әссандидің фоторепортажы