Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » Түркістандық әнші Молдовадағы халықаралық байқауда үшінші орын иеленді

Түркістандық әнші Молдовадағы халықаралық байқауда үшінші орын иеленді

Молдова Республикасының Гагаузия автономиясында «Аймақ даусы-2018» («Bucak sesleri-2018»)Халықаралық этникалық -эстрадалық ән байқауында Қазақстан Республикасының атынан қатысқан Түркістан облысының дәстүрлі әншісі Наркенже Серікбаева үшінші орын иегері атанды.
Биыл алтынша рет шымылдығын түрген ән додасына Қазақстан және Украина елдері тұңғыш рет қатысты.
Екі кезеңнен тұратын байқаудың бірінші шартында әр әнші өз тілінде ән шырқаса, екінші сынақ – өзге тілде достық әндерін орындау тиіс болатын. Осы орайда, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Бекжігіт Сердәлінің «Ауыл жатыр той жасап» әнімен ел ықыласына бөленген әнші бірінші кезеңнен сүрінбей өтсе, келесі кезеңде түрік әнін орындады.
Гагаузия автономиясының мәдениет және туризм Бас басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға Қазақстан, Ресей, Грузия, Болгария,Македония, Түркия,Молдава, Украина сынды 15 мемлекеттің күміс көмей әншілері жиналды.
Сондай-ақ, дәстүрлі шараның қалыптасқан үрдісі байқау тек ауылдық жерлерде ғана өткізіледі. Осы орайда, Казаклия елдімекенінің орталық саябағында ұйымдастырылған додаға мыңдаған халық жиналып, әр елдің өнеріне ерекше құрмет көрсетсе, ақтық кезең Джолтай стадионында өтті.
Дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындап, ұмыт қалған халық әндерін жарыққа шығарып, насихаттауда еңбегі орасан Наркенже Серікбаевның байқауға қатысуына Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы қолдау білдірді.

 

 

Пікір жазу