Түркістан облысындағы 69 медициналық ұйым бүгінгі күні 100 пайыз медициналық ақпараттық жүйемен қамтылған. Ал осы аталған медициналық ұйымның жартысы ішінара қағазсыз құжат айналымына ауыстырылған. Жыл соңына дейін қалған 10 медициналық мекеме ақпараттық жүйемен толықтай қамтылатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында облыс әкімі Ж.Түймебаев мәлім етті.
Облыс басшысының айтуынша, интернет желісімен аудан деңгейіне дейінгі елді мекендер 100 пайыз қамтылған болса, 2021 жылға дейін аудан деңгейінен төмен ауылдарды қосу жоспарлануда. Осының нәтижесінде өңірдегі 2 миллионнан астам халықтың электрондық денсаулық паспорты жасақталған. Бұдан бөлек, әкім осы жылдың 1 сәуірінде Түркістан облысымен бірге Алматы, Павлодар, Маңғыстау облыстары қағазсыз аурухана пилоттық жобасына кіргенін айтып, аталған облыстардың ішінде ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша 1 орында екенін жеткізді.
«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының облыста жүзеге асырылу барысын баяндаған аймақ басшысы осы жылдың алты айында межеленген негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті.
Баяндама барысында өңір басшысы кадрлық мәселелерді шешу мақсатында арнайы бағдарлама жасалынып, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жою үшін аудандағы елді мекендерде қызметтік тұрғын үй салынып жатқанына тоқталды.