Қазақ күресінен “Оңтүстік Қазақстан” облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесі үшін өткізілетін дәстүрлі турнир тау тұлғалар тұрағы Темірланда, Қажымұқан атындағы орталық стадионда мәресіне жақындады.
Салмақ дәрежелері бойынша жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері басылым, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, аудан әкімдігі тағайындаған бағалы сыйлықтармен, тиісті дипломдармен марапатталатын сәт те жетті. Түйе балуанға аудан әкімі тағайындаған жеңіл автокөлік сыйға тартылады. Ол кімге бұйырар екен?
Дәстүрге айналған бұл турнир 1958 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2009 жылдан бері аудандарда өтіп жүр. Биыл 55-рет өтіп жатқан турнир Ордабасы ауданының, келесі жылы Түлкібас ауданының кілемдеріне балуандарды шақырады. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы мен Ордабасы ауданының әкімдігі, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған турнир тартысты өтіп жатқанын көріп отырмыз.
PS. Қазақ күресі тарихында тұңғыш рет жалпы командалық есеп бойынша 1-ші орынды Ордабасы ауданының командасы иеленді. Түйе балуан атағын да – Ордабасы ауданының тумасы, «Ғимарат құрылыс» командасының намысын қорғаған Әділжан Ыстыбаев жеңіп алды.
Өз тілшімізден