Шымкент қаласында бүгінде құрылыс қазаны қайнап тұр. Үшінші қалада күн санап зәулім үйлер мен ғимараттардың қатары көбеюде. Оған үлес қосып жатқан өнідіріс орындарының жұмысы да қызу. Өңірдегі «Қазақстандық темір-бетон бұйымдары» ЖШС өткен жылдың қаңтар айынан бастап өнімдерін өндіре бастаған болатын. Қаладағы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының табысты жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі осы кәсіпорын болып табылады. Аталмыш кәсіпорында орнатылған құрал жабдықтың басым бөлігі шетелден әкелінген. Серіктестік мамандары алдымен маркетингтік зерттеу жүргізген болатын. Темір-бетон бұйымдарының 114 түріне сұраныс жоғары екені анықталған. Бүгінде серіктестікте осынша түрлі бұйымдар шығарылады. Мамандар сапаға баса назар аударады. Соның нәтижесінде де зауыт өнімдері бүгінде үлкен сұранысқа ие. Қаладағы құрылыс қазанын қайнатып жүрген ірі ірі кәсіпорындар тұрақты сатып алушыларға айналған. Бұдан бөлек Қызылорда, Жамбыл облыстарынан сұраныс түсуде. Серіктестік жетекшілерінің ендігі жоспары – өнімдерін шетелдерге экспорттау. Ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие тауар өнідірп отырған кәсіпорынның бұл жоспары да аз ғана уақыт аралығында орындалмақ. Бүгінде «Қазақстандық темір-бетон бұйымдары» ЖШС-де тұрғын үйлерге қатысты барлық құрылыс материалдары шығарылады. Соның ішінде үй жабатын плиталар, іргетасқа арналған бұйымдар, цилиндрлі анкар, тіреуіштер, қысқаша қайырғанда құрылысқа қажетті кез келген бұйымдарды тапсырысқа байланысты шығарып беруге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта кірпіш құюды да қолға алмақ.