Бүгінде Шаян ауылында жеке инвесторлар жалпы құны 1,3 млрд. теңгеге жабық теннис корты, жүзу бассейні, және спорт алаңшаларының құрылысын бастап кетті. Бұл нысанмен бүгін Бәйдібек ауданына арнайы баспасөз-турымен барған БАҚ өкілдері танысты. Құрылыс нысандарын түркиялық мердігер компания салып жатыр. Бұл нысандар биыл пайдалануға берілмек. Теннис корты сапалы төсенішпен жабдықталған.
Ал, жабық бассейннің ұзындығы 25 метр болса, ені — 11 метр. Бассейн автоматты тазалау жүйесімен жабдықталып жатыр. Нысандар 1-2 ай көлемінде пайдалануға берілмек. Енді ауданда үлкен теннис, жүзу спорты дамымақ. Бүгінде аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты 1 спорттық кешен, 5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Биылдың өзінде аудандағы спорт мектептеріндегі 40-қа жуық спортшы облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардан жүлдемен оралды.
Мұндай халықаралық деңгейдегі спорт нысанының салынғанына аудан тұрғындарының ризашылығы шексіз.