Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барған жұмыс сапарында аудандағы Азаттық ауылында орналасқан логистикалық орталыққа аялдады. Аграрлы ауданда шаруалардың өнімін сақтап, әрі қарай сату үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған жобаға 9 гектар жер телімі қарастырылған.
Орталықта жаңа үлгідегі жеміс-жидек сақтау және уақытша сұрыптау қоймалары, мұздатқыш камера мен жүк көліктеріне арналған тұрақжай, техникалық қызмет көрсету стансасын салуға жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Алдағы уақытта автопаркинг, электронды таразы, жүк сақтау қоймалары, тұрақжай, құжаттандыру орталығы, қонақ үй, асхана, сауда үйі, авто жуу орны салынатын болады.
Бұл логистикалық орталық өнім өндіруші мен сауда орталықтары арасында өзара тікелей байланыс орнатуға әрі шаруаларға тигізер шарапаты мол жүйе. Жалпы мамандардың пайымдауынша, мұндай орталық құрылғаннан кейін азық-түлік белдеуі аясында жұмыс істейтін кәсіпорындардың өнімдері де едәуір арзандауы тиіс көрінеді.