Түркістан облысындағы мектептер жаңа оқу жылына дайын, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан облысындағы білім ұяларында жаңа оқу жылына және жылыту маусымына дайындық ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Бүгінде 1289 білім беру мекемесінде гидравликалық сығымдау жұмыстары аяқталды. Қатты отынды (көмір) пайдаланатын 849 білім беру мекемесіне қажетті 131863,5 тонна отын толығымен тасымалданды. Оның ішінде мектепке 109181,4 тонна, балабақшаға 13391,0 тонна қатты отын жеткізілген. 78 білім беру мекемесіне қажетті 3 379,7 млн. литр сұйық отын да тасымалданған.
2018 жылы 1076 білім беру нысанын ағымдағы жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен 523,5 млн. теңге бөлінді. Бүгінде барлық нысандарда жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ биыл 47 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық және жергілікті бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлінген. Осы 47 нысанның 4-уі Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарының теңгеріміне өтті. Ал, Түркістан облысында қалған 43 нысанның 39-да күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, 2-уі 2019 жылға өтпелі. Жөндеу жұмыстарының мерзімі кешіккен екі білім ұясы таяуда тапсырылмақ.
Түркістан облысында мектептері жоқ елді мекендерде және білім ұялары шалғайда орналасқан 11623 оқушы 237 автокөлікпен тасымалданады. Бұл мәселе толық шешімін тапқан. 664 мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылған. Ыстық тамақпен 405 145 оқушы қамтамасыз етіледі, ал, тегін ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны – 22777.
Облыста биыл «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 138 млн. 883 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Өңірде қажетті оқулықтарды сатып алуға және жеткізуге жергілікті бюджеттен 4,9 млрд. теңге бөлініп, оқулықтарды тасымалдау 100 пайызға орындалды.