Ағымдағы жылдың 7 қыркүйек күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жаңадан құрылған жергілікті және аумақтық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен, персоналды басқару қызметінің өкілдерімен және әдеп жөніндегі уәкілдерімен кездесті. Департамент басшысы Ә.Көмекбаев төрағалық еткен іс-шараға Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Е.Әлімқұлов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлтық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары К.Қабылбеков қатысты.
Бірінші кезекте Ә.Көмекбаев жаңадан құрылған Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің басшылық құрамымен таныстырып, Департамент қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Жиында сөз алған Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Е.Әлімқұлов бүгінгі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушыларға қала әкімі аппараты атынан алғысын білдірді. Мемлекеттің саясаты бұзушылықтарды алдын-алуға бағытталғандықтан, шараның негізгі мақсаты заңнаманың негізгі талаптарын түсіндіру, мемлекеттік орган жұмысының барысында жиі кездесетін бұзушылықтар мен кемшіліктер туралы жиындағылардың назарына салу болып табылады.
Жиын барысында мемлекеттік қызметті өткеру, мемлекеттік қызмет көрсету, сонымен қатар, жемқорлықты алдын-алу мәселелері талқыға түсті. Сондай-ақ, іс-шарада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлтық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары К.Қабылбеков баяндама жасады. Ә.Көмекбаев барлық меморгандардың басшыларына заңның міндеттерін қатаң сақтау бойынша талап қойып, оларды сақтамаған жағдайда оның жауапкершілігі туралы ескертті.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғалы бері, қалалық бөлімдер басқармалар болып атаулары өзгеріп, қайта құрылды. Қазіргі таңда, қалада штат саны 721 лауазымды құрайтын 22 басқарма жұмыс жасайды. Одан бөлек, орталық атқарушы мемлекеттік органдардың Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменттері құрылды. Қазіргі таңда 25 аумақтық мемлекеттік органдардың штат саны 1300-ге жуық лауазымды құрайды.
Сондай-ақ, Департамент басшысы Департаменттің Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы,3 бұрынғы мекен-жайда орналасқандығын, сонымен қатар, сенім телефонының «WhatsApp» (8-702-201-51-51), 51-51-51, Департаменттің facebook.com әлеуметтік желісіндегі арнайы парақшасы (Департамент по делам госслужбы и противодействию коррупции по г.Шымкент) екендігін атап өтті.
Өз тілшімізден