М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың мәжіліс залында «Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жиынға зиялы қауым, өлкетенушылар, басқарма басшылары, қоғам белсенділері, ұстаздар мен ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды. Ол облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
— Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық басым бағыттары бойынша нақтылы жұмыстар атқарылды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей тапсырмасымен ел руханиятына серпін беретін жобалар қолға алынды. Облыста өңірлік комиссия, сарапшылар кеңесі мен Жобалық кеңсе құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Түркістан облысының тарихи және туристік орындары жөнінде ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде арнайы роликтер әзірленіп жатыр. Биыл Түркістан облысының 25 қаламгерінің жеке сайттары әзірленіп, өңірдегі 10 ақын-жазушының кітаптары шығарылады.
Бұл руханият саласына оң әсер береді деген сенімдеміз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында 3 анимациялық және 1 кинофильм түсіріліп, республикалық деңгейдегі 10 сарапшының зерттеу мақаласы әзірленеді. Атап айтсақ, «Ордабасы — бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы», «Түркістан» мультфильмдері мен «Төлеби» фильмі түсіріліп жатыр. Сонымен қатар, «Таңбалы тастар — бабалар ізімен» Түркістан Қаратау жотасы бойынша баспасөз туры өткізіліп, «Өлкетану» облыстық сайты ашылады. Тағы бір айта кетерлігі, «Таңғажайып Түркістан» атты әлеуметтік желі қолданушыларының байқауы ұйымдастырылады. «Рухани жаңғыру» — бірнеше жылға ғана арналған емес, үздіксіз жұмыс істеуді талап ететін бағдарлама, — деді басқарма басшысы.