Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР АРЫСҚА ҚАТЫСТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ

ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР АРЫСҚА ҚАТЫСТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбеков Арыс қаласына арнайы келді. Сапар барысында ол Арыстағы 17 сектордың штабтарында болып, тұрғындардың жағдайымен танысты. Құрылыс барысын бақылап, әр облыстың жауапты өкілдеріне тапсырмалар берді. Вице-премьер жұмыс барысы баяу облыстарды сынға алып, бір айдың ішінде халыққа уәде етілген дүниелер орындалу керектігін қатаң ескертті.

Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Д.Нахыпбектің  материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.

Жеңіс Қасымбековтің қатысуымен өткен алқалы жиынды облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастады. Аймақ басшысының айтуынша, Арыстағы эвакуациялық жұмыс жоғары дәрежеде өткен. Ешқандай олқылық орын алған жоқ. Қазір тұрғындардың құжат рәсімдеу, қалпына келтіру жұмыстары қызу. Бір реттік берілетін көмек ақшаға құжат қабылдау 80% орындалды. Алдағы екі күнде бұл процесс аяқталып, тұрғындар келесі  аптада тиіісті көмек қаражатын алатын болады. Сондай-ақ, әкім қалпына келтіру құрылысы жүктелген облыстардың жұмыс қарқынын тілге тиек етті. Мәселен, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Алматы қаласының жұмысы қарқынды.

Жиынның негізгі бөлімінде Жеңіс Қасымбеков Арыстағы төтенше жағдайға байланысты тиісті сала мамандарының баяндамасын тыңдады. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев Арыстағы арсеналда қазіргі жағдай тұрақты екенін  тілге тиек етті.

Мұнан өзге Жеңіс Қасымбеков Атамекен кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне бизнес орталықтарды тездетіп қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Премьер-министрдің орынбасары алдағы күні өтетін үкімет отырысында Арысқа қосымша қаражат бөлу жөнінде мәселе көтеретінін де атап өтті. Айта кетейік, Арысқа жалпы қажет соманың құны 27 млрд. теңгеге жуықтап тұр.

 

Пікір жазу