Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Спорт » МАҚТААРАЛДА БАСКЕТБОЛДАН ОБЛЫСТЫҚ ЧЕМПИОНАТ ӨТТІ

МАҚТААРАЛДА БАСКЕТБОЛДАН ОБЛЫСТЫҚ ЧЕМПИОНАТ ӨТТІ

Мақтаарал ауданында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған баскетболдан Түркістан облысының чемпионаты өтті, деп жазады Мақтаарал ауданы әкімінің  баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz.

2005-2006 және 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков қатысып, жас спортшыларға алғы сөзін арнады.

«Біз батырлардың ұрпақтарымыз. Ата-бабаларымыз ешбір соғыста жеңілмеген. Бізді тек руға, тапқа, жікке бөлу арқылы ғана жаулап алған. Кешегі Ұлы Отан соғысына 1 миллион 500 мың қазақстандық қатысыпты. Ал, Мақтаарал ауданынан 12 мыңнан астам азамат аттанған болса, 3932 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Соғыста жаумен аяусыз күрескен он бір жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Міне, сол кісілердің арқасында бүгін қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман келіп, Сіздер осындай спорттық іс-шарада бас қосып жатырсыздар. Бүгінгі жарысты ашық деп жариялай отырып, барлығыңызға сәттілік тілеймін!» — деді Бейсенбай Тасболатұлы.

Төрт күнге созылған жарысқа облыс көлемінен 21 команда қатысып, облыс чемпионатының кубогы сарапқа салынды. Осылайша 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында І орынды Мақтаарал ауданы, ІІ орынды Сарыағаш ауданы, ІІІ орынды Ордабасы ауданы жеңіп алды. Ал, 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында І орынды Мақтаарал ауданы, ІІ орынды Төле би ауданы, ІІІ орынды Сайрам ауданы иеленді.

Айта кетейік, ақпан айының басында Алматы қаласында баскетболдан өткен Республикалық чемпионатта Түркістан облысы І орынды жеңіп алған болатын. Ал, облыстық құрама ойыншыларының басым бөлігі мақтааралдық жасөспірімдер еді.

 

Пікір жазу