Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » Түймебаев алғашқы алтылыққа енді

Түймебаев алғашқы алтылыққа енді

Осы аптаның басында «Саясат-Monitoring» тобы әкімдер рейтингісінің мамыр айындағы өздері жасаған нәтижесін жариялады. Бұл ай штаттық режимде, тосын оқиғаларсыз өтіпті. Әкімдер де мамыражай тірлік кешіп, тапсырылған жұмысты алаңсыз атқарған. Сауалнама барысында сарапшылар мен саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, блогерлер, саяси технологтар мен журналистер сұралған. Сұрау салынғандардың бас-аяғы – жиырма бес.

Сонымен, «Саясат-Monitoring» тобы жариялаған «бәйгеде» қай әкімнің аты озды?

Алматы мен Астананың әкімдерін бірінші және екінші орынға шығару дәстүрге айналған. Рейтинг жасаушылар бұл жолы да сол дәстүрден жаңылмапты.

Бірінші орында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тұр. «Ықпалдылығы, саяси статусы», «Қызметте өсу мүмкіндігі», «Ақпараттық белсенділік индексі», «Сыни баға деңгейі» деген өлшемдер бойынша Б.Байбектің жиған ұпайы – 12,5.

Байбекті қай еңбегі үшін бірінші орынға қойғаны белгісіз. Бәлкім, Қазақстандағы ең үлкен мегаполисті басқарып отырғаны үшін ғана шығар. Ал біздің есебіміз бойынша Бауыржан Байбектің есімі алғашқы бестікке әзер ілінуге тиіс еді. Оған себеп – Алматының үлкен әрі лас базарға айналғаны, жолдардың нашарлығы, экологиялық ахуал, тағысын тағылар.

Екінші орынға дәстүр бойынша Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жайғасыпты. Исекешевтің ұпайы – 12,4. Жақында Исекешевтің президент Нұрсұлтан Назарбаевтан сөгіс естігені есеп емес. Шамасы, Астанада ЕХРО көрмесі өтіп жатқаны – есеп.

Үшінші орын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа тиіпті. Егер бірінші және екінші орындар Алматы мен Астананың әкімдерінен босамайтыны анық болса, онда үшінші орын – яғни облыс әкімдері арасындағы бірінші орын Қырымбек Көшербаевқа тигені әділдік болған.

Ал енді облыс әкімдері арасындағы екінші орын кімдікі? Бұл мәртебелі орын Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтікі. Сапарбаевтың іскер екенін жұрт қана емес, премьер-министр Бақытжан Сағынтаев та мойындаған. Алайда Сапарбаевтың соңғы әрекеті оның беделіне біршама нұқсан келтірді. Өзі басқарып отырған облыстың халқына журналистер алдында жекігенін көпшілік «астамшылдық», «өзін халықтан жоғары қою» деп бағалады. Ендеше, Сапарбаевтың рейтингі біршама төмендеуі тиіс еді. Бұл жағдай Сапарбаевтың рейтингтегі орнына еш әсер етпегені таңдандырады.

Жалпы есепте бесінші, облыс әкімдері арасында үшінші орында кім тұрғанын білесіз бе? Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов тұр. Ары ойланып, бері ойланып, Ахметовтің қандай еңбегі ескерілгенін таба алмадық. Бәлкім, «Алакөлдің жағасын гүлдендіремін» деген уәдесін «аванс» ретінде есептеген болар.

Алтыншы орында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев тұр. Наурыз бен сәуірде Ж.Түймебаев 9-орыннан көрінген. Екі айда үш сатыға жоғарылағанын жақсылыққа жорып отырмыз. Ал енді «Түймебаев не себепті жоғарылады?» деген сұраққа рейтинг иелері мүлдем жауап жазбапты. Неге? Әлде рейтинг түзушілер Түймебаевтан әлдеқандай әрекет күтіп отыр ма? Өз білгенімізше саралап көрсек, іскер әкім қашанда халыққа жағады. Өйткені халық – нөмірі бірінші сыншы. Бұған Түймебаевтың қазақылығы мен қарапайымдылығын қосыңыз. Міне, осы себептер Оңтүстіктің әкімін бірден үш сатыға бір-ақ ырғытты. Түймебаевтың тынбай атқарып жүрген қат-қабат тірліктерінің арасынан тек біреуіне ғана нақты тоқталсақ, мамыр айында өзбекстандық тауар өндірушілердің Шымкентте көрмесі өтуі, Жизақ облысының әкімімен жүздесуі, өңір басшысының  көршілес мемлекеттің іскер кәсіпкерлерімен кездесіп келелі кеңес ұйымдастыруы екі жақтың экономикасына қаншалықты елеулі пайда әкелетіні көзі қарақты, санасы ояу әрбір азаматқа жақсы түсінікті. Әрі екі ел басшыларының арасындағы соңғы уақыттағы сеңнің қозғалуын, жылы қарым-қатынастың қалыптасуын әрі қарай іліп әкетуі әккі саясаткерге тән әрекет.

Бұдан кейінгі орындарда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және ең соңғы орында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов тұр.

Тағайындалғанына көп уақыт өтпеген әкімдер туралы ештеңе демей-ақ қояйық. Бірақ Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қай-қайсысын болса да, ШҚО әкімі Даниал Ахметовтен жоғары қоюға болар еді. Барлық параметрлер бойынша және іскерлігін қоса есептегенде. Тағы олай болмаған. Рейтинг жасағандардың бір білгені бар шығар…

Соңғы орынды ешкімге бермейтін Архимед Мұхамбетов туралы әңгіме бөлек. Әкім болып тағайындалғалы бері соңынан бастағандағы «мәртебелі бірінші орыннан» өзі қозғалғысы келмейтін сыңайлы. «Рейтингте өсетін» уақыты әлдеқашан келді ғой.

Жалпы осы «Әкімдер рейтингі» деген тақырыптың қып-қызыл саудаға айналғаны көптен бері айтылып жүр. Мұны рейтингте соңғы орындарда жүрген кейбір әкімдердің өздері де жасырмайды. «Әкімдер рейтингі» деген тақырыпты көз шалғанда «әкімдер саудасы» бірінші еске түсетіні де содан болар.

Ерік Рахым,
«Рейтинг» газеті

Пікір жазу