Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Биыл Шымкентте жол жөндеу жұмыстарына 25,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға 259 нысан мен 416 шақырым жол құрылысы қамтылады. Жыл басынан бері 160 көшеде, 203 шақырым жол жөндеу жұмысы аяқталса, енді жоспарланған жұмыстан 99 көше, 213 шақырым қалды.

Одан бөлек қалада жол өткелдерін ретке келтіру, аялдама мен бағдаршам орнату, көшені таңбалау жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек пен қазан айларында біршама жол құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

Демалыс күндері арнайы жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысқан қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жауапты сала өкілдеріне біршама тапсырма беріп, жолдардың сапасына баса назар аударуды ескертті.

– Қалада жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір қала көріктеніп, жолдар жақсарып қалды. Дегенмен, сапасына, алдағы уақыттағы төзімділігіне назар аудару керек. Тұрғындардың ұсыныс-пікірін, олар үшін қолайлылығын да ескеруіміз керек. Әлеуметтік желіде күн сайын жол мәселесіне қатысты шағымдарды қарап отырамын. Ондай кедергілер туындамауы тиіс. Барынша қауіпсіз, әрі сапалы жұмыс жасалуы қажет. Сонымен қатар, шет аймақтардағы тас жолдарға қатысты мәселені де ертерек шешу амалдарын қарастыру қажет. Біздің көшелер мегаполиске сай болуы керек, – деп атап өтті Мақсұт Исахов.

Айта кетейік, қалада жол құрылысынан бөлек аялдамаларды жаңарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бүгінде 260 жаңа аялдаманың 133-і басты жолдарда орнатылуда. Сонымен қатар, қаладағы магистралді жолдарға веложолақтар салынып, қыркүйек айынан бастап Shymkent bike велосипедтері қайта іске қосылды. Қазіргі таңда жобада 160 велосипедтен құралған 40 велостанция қамтылған.

© DIDARBEK.kz

 

Пікір жазу