Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » БАЛАЛАРЫ ОЙШЫЛ АЗАМАТ БОЛЫП ӨСТІ …

БАЛАЛАРЫ ОЙШЫЛ АЗАМАТ БОЛЫП ӨСТІ …

Қажекеңнің балалары, немерелерінің көбі парасатты, ойшыл азамат болып өсті. Жанәбіл де ірі, палуан болды. Айдарханның баласы Шаттық та «карате-до» бойынша 2002 жылы Азия ойындарында күміс жүлде алды. Бірақ өзіне тартқан нағыз палуан, батыр әлі жоқ. Бәрі қатардағы ғана. Қажекеңнің тірі кезінде жанашыр жолдастары, замандастары аласұрып палуанға бір әйелден соң бір әйелді алдырып жүргені айтпаса да белгілі болып тұратұғын – өзі сияқты аузынан түскендей білек күшін, күш атасын тосты. Қайтесің, Құдай бермеді. «Үмітсіз – шайтан». Л.Н.Толстой айтқан екен: «Менен кейін табиғаттың берген таланты демалады» деп. Сол сияқты демалып жатуы да мүмкін. Жеті атасынан кейін қайталанады деген қазақтың ата сөзіне сенеміз де, күтеміз де. Атышулы азаматтардың жалған да балалары болған ғой. Қажымұқанның баласы Айдархан: – «Әкемнің үлкені – Халиолла, ең кішісі – Жанәбіл. Мұхтар атты тағы бір Қажымұқанов бар деп естідім. Оның жайын жетік біле бермеймін», – дейді («Қажымұқан қағанаты», 483-б.). Менің білетінім, өзінің заңды, некесін қиып алған әйелдерінен туған Халиолла, Айдархан, Жанәбіл. Ғабдолла туралы жоғарыда айттық. Осы арада Сырбай Мәуленовтің:
Саусағы Алатаудың еменіндей,
Жотасы Қаратаудың кемеріндей.
Жүзінен шаттық, қайғы білінбейді,
Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей, – деген шумағы еске түседі. Шіркін, қан­дай асыл сөздер. Түрін, тұлғасын көріп, мұндай жігітке кім ғашық болмайды. Біз өзіміз көп уақыт үгіт-насихат, мәдени-ағарту жүйесінде қызмет істеген адамбыз. Сондықтан халыққа, елге эстетикалық сезім ұялататын сөздерді жеткізгіміз келіп тұрады. Асқар Тоқмағамбетов:
Он жігіт жауырынына жайланса да,
Елу пұт білегін байласа да,
Бұлқ етпей бәрін жалғыз көтереді,
Үстінен пятитонка айдасаң да, – дейді.
Бұл сипаттама кімнің делебесін қоз­дыр­майды. Ат үстінде жүрген Қажекең көппен кездесті, таныс болды. Жоғарыда айтылған тұлғасы, мінезі, мықтылығы қыз-келіншек түгілі, ер адамның өзін қай­­ран қалдырады. Әрине, палуан аға­мыз жас болды, «мас» та болуы мүмкін. Өз көзімізбен оқығанымызды, өз құлағы­мызбен естігенімізді несіне жасырамыз. Бір кітапта былай деп жазылды: «1960 жылы Қызылордаға Мәскеу циркі келіп, ондағы Николаев деген палуан өзін Қажымұқанның баласымын деп жариялағанда, халық нөпірі отыз күн­дей цирктің алдын бермеді. Бұл қазақ халқының батыры Қажымұқан Мұңайт­пасов­қа деген құрмет, үлкен ілтипат болатын» («Қажымұқан қағанаты», «Ордабасы», 378-б.). 2005 жылы маусым айында Ом­быдағы цирк директорының орынбасары болып істейтін, өзі бала кезінен цирктің аренасында қызмет істеген Евгений Юрье­вичпен кездестім. Оның айтқаны: «1960 жылдары болу керек. Бізге жыл сайын бір айға келіп-кетіп, білек күшімен ойын көрсетіп жүрген Герасимов: «Мен Қажымұқанның баласымын, осы Омбы облысында тұратын менің ағайындарым бар» деп, Шарлақ, Русская поляна, Дробышев (Нововаршавка) аудандарына сұранып, апталап барып тұратын». Бұл әңгі­мені сол жылдары елге (Омбы облысына) амандық-саулық білуге барып жүргенде мен де естігенмін. Жайықбай деген менің жолдасым: «Еңгезердей бір орыстың жігіті келіп, «Шешемнің айтуы бойынша, менің шын әкем Қажымұқан. Әдейі іздеп келдім» дегеннен кейін ел болып қарсы алдық, мал сойып, Қажымұқан аруағына ас бердік» деген еді. Тағы бірі. Сол Омбы облысы, «Целинный» деген совхозда тұратын са­ғал-қыпшақ Омардың баласы Кеңес күйеу­баланың айтқаны: «1970 жылдары ауданның орталығы «Русская полянаға» Башқұртстаннан келген Қажымұрат деген азамат өзінің туған әкесінің үрім-бұтағын іздеп жүр деп сол кісіні маған жібереді. Сұхбаттасқанда ұққаным: Қажымұқан Уфада 1915 жылдары болған. Бұл жайында кітаптарда да айтылады. Уфа қаласының ақсақалдары атынан хат жолдаған Мұса: «Қажымұқан мырза, сізді үлкен мерекеміз – сабантойдың құрметті қонағы болуға шақырамыз» деген. Уфада жарты айдай демалған соң палуан Қазанға жүріп кетеді. «Әкемнің аты Қажымұқан болған соң үлкен атам қызынан туған баланың атын Қажымұрат деп қойған» дейді Қажымұрат. Қажымұраттың айтуы бойынша, мұндай ескі дәстүр – жақсыдан ұрпақ алып қалу Орал бойындағы басқа да халықтарда болған. Қажымұрат сондай салттан пайда болған бала секілді.
Ең ақырғысы, «Караван» газетінің 2009 жылғы 10 сәуірдегі нөмірінде Қажымұқанның немересі Шаттық былай дейді: «1996 г. мы к своему удивлению получили приглашения из Франции, где как выяснилось у Кажымукана остались дети от жены француженки. Они пригласили нас приехать, но отец (Айдархан), как член партии наотрез отказался ехать «к буржуям» и больше мы связь с ними не поддерживали». Осы Қажекеңнің балаларымыз деп жүрген азаматтар мүмкін жалған да болар, бірақ басқа ұлт өкілдері Қажымұқан деген есімді мақтан етіп, атын шығару үшін пайдаланған ғой деген ой келеді.

Қалиәкпар ӘМІРЖАНОВ,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер,
мәдениет­танушы, ҚР мәдениет қайраткері

Пікір жазу