Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » «Түсімде табаным тоғыз жерден тілініпті…»

«Түсімде табаным тоғыз жерден тілініпті…»

Атақты  Қажымұқан Мұңайтпасов жайлы ел ішінде әңгіме көп. Палуан кесенесіне зиярат етушілер Мінәй әжеме көп сұрақ қояды екен. Кейде сұрақтарынан мезі болғанда «не айтам, бәрін жазып жүр ғой…» деп жалғыз ауыз сөзбен құтылатын көрінеді. Ал, бір ақтарыла қалса, сарқыла сөйлейтін. Келушілердің «Қажекең бос кезінде немен айналысушы еді және жұртқа беймәлім қандай өнері бар еді?» деген сауалына «мінезі кішкене бала сияқты еді. Көп ашуланбайтын, кісіге қол көтермейтін. Оқта-текте ашуы келгенде қолындағы кесені лақтырып жіберетін. Бос уақытында есік алдына отыра қалып, ағаш жаратын. Бір демде отынды тау-төбе етіп үйіп тастайтын. Кейде балаларды күрестіретін. Домбыра тартатын. Көбіне Майраның әндерін нақышына келтіріп орындайтын. Көпшіл еді. Үйге адам келмесе жер-көкке сыймай кететін. Мейманды жас болса да төрге оздырып, өзі босағаға жайғасатын. Қолы ашық еді ғой, жарықтық» деп жауап беріпті.

«Неге баспана салдырып алмадыңыздар?» деген сұраққа: «Шырағым-ау, баспана түгіл, кейде үйде ұн болмай қалатын. Бірде Созаққа барып өнер көрсетіп, бір қыздың қалыңмалына жететін мал айдап келді. Сол малды ауылдағы жетім-жесір мен мүгедектерге таратып берді. Оның үстіне үйден қонақ үзілмейтін. Кісіні аты болса атын, лағы болса лағын сойып күтетінбіз. Мен көрпе-төсеніштің ескілігінен қатты қысылатынмын. Бір күні «палуан-ау, жасың болса келді, жаман айтпай жақсы жоқ, өле кетсең де дүние керек емес пе?! Келген-кеткендер мені мінейді ғой. Палуанның тұрмысы нашар екен демей ме?!» деп едім, біраз тұнжырап отырды да: «Е-е, мен кедей ме екенмін?! Елімде болса – менікі, менде болса – елімдікі! Дүние жинайтын болсам, ендігі алтыннан үй тұрғызар едім. Басқалар тоңып отырғанда, менің тойып отырғаным кімге керек? Өлсем көмусіз қалады деп қорқасың ба? Менің дүнием – елім, менің сәнім – жерім. Кедеймін деп қорықпаймын, өлсем сүйегім сендерге тимей ме деп қорқамын. Осы болмаса бұл дүниеде менің өкінішім жоқ» деген-ді.

Шынында да, палуан өмірден озарында ел-жұртымен қоштасып, арқа-жарқа әңгіме айтыпты. Дүниеден өтерін 9 күн бұрын біліп, таңғы ас үстінде кемпіріне: «Мінәйжан, мені мұқият тыңда! Ана дүниеге аттанатын уақытым келді. Тоғыз күндік ғұмырым қалған сияқты. Түсімде табаным тоғыз жерден тілініпті», – деп бала-шағаны аманаттап, ауыл басшысын ертіп келуін өтініпті. Ауыл басшысына: «Фәнимен қош айтысатын күнім таяу. Ел-жұртыммен қоштассам деймін. Елдің басын құрауды өзіңе тапсырамын» депті. Екі-үш күннен соң үйінде дастарқан жайып, дәм үстінде еліне ризалығын білдіріпті. Тамыздың 16-сы күні ұлын Темірландағы тіс дәрігеріне апармақ болып аттанғанымен, орта жолдан кері қайтып, өз үйінің тұсына келгенде жан тапсырыпты. Ауыл-аймақ, жиылған жұрт палуанның өзі айтқан күні дүниеден озғанына қайран қалып, әулиелігіне куә болыпты. Палуанның қазасына жиналып, халық азан-қазан болып жатқанда, көк боз аты марқұмның денесі қойылған қараша үйге қарап ұзақ кісінегенде жануардың көзінен жас парлап тұрыпты. Бұл 1948 жылдың 16 тамызы еді. Ал, ертесіне ел-жұрт палуанды арулап, палуанның өз өтініші бойынша, қарашаңырағынан 300 метр қашықтықтағы мазаратқа жерлейді.

Меруерт ЕСКЕРМЕС, Қ.Мұңайтпасов атындағы облыстық спорт музейінің экскурсия жетекшісі, палуанның шөпшегі.

Пікір жазу