Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » Бас прокурор не деді?

Бас прокурор не деді?

и-01 1. Облыс прокурорларына өздерінің арттарынан команда алып жүруді доғару. Тағайындалғаннан кейін жарты жыл ішінде елеулі себептерсіз кадр құрамын өзгертуге тыйым саламын.

Әрбір тағайындау мен жұмыстан босатудың заңдылығы тексерілетін болады. Әділсіз, сорақы фактілер табылса – бұйрықтың күші жойылып, басшысы жауапқа тартылады.

2. Туған күнге сыйлық беруді тоқтату. Біз бір-бірімізге сыйлық бермейміз.

Әрі кеткенде, әйелдерге – гүл, болмаса – кітап сыйға тартуға рұқсат етіледі. Оны не өзіне қалдыруға, не біздің кітапхана тапсыруға болады. Ол жерден басқалар да оқиды.

3. Шығыны көп шараларды өткізбеу.

Мысалы, Наурыз. Әріптестеріміз бүкіл облыстан киіз үй, қазан, ас тасиды. Жұртты әуреге салады. Бұндай мереке – көзбояушылық, ол жерде бастықтар ғана демалады, қалғандары жанталасып жұмыс істеп, қонақ күтеді. Бұл дұрыс емес. 

4. Ұжымнан ақша жинауды және төгіп-шашып дастархан жаюды, жиын жасауды қою.

Ұжымның жұмыстан тыс уақытта араласқаны жақсы. Бір-бірін жақсырақ таниды. Бірақ, қызметкерлерді біріктірудің басқа да тәсілдері бар. Дастархан мәзіріне торт, шай, қант, өрік пен мейіз жеткілікті.

5. Күтіп алуға, шығарып салуға және сол үшін ақша жинауға тыйым салу.

Стандарт – вокзалда немесе әуежайда кездесу. Қонақ үйге дейін жеткізу. Қажет болса, жұмысқа апарып, алып келу. Ал, шығындарды келуші өзі төлейді.

6. Газет пен журналдарға мәжбүрлеп жазылуды тоқтату.

Газеттердің бір жылдық төлемі 10 мың теңгеден асады. Онсыз да прокурорлардың айлық жалақысы көп емес. Оларды басқа органдарға да таратуға мәжбүрлейді екен. Сондықтан, газет-журналдарға қаласа ғана жазылу қажет.

7. Барлық қала мен аудан прокуратураларын кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету.

Қызметкерлер қадағалаудағы органдардан немесе бизнесмендерден қағаз сұрайтын көрінеді. Сондықтан, облыстарды қажетті мөлшерде кеңсе тауарларымен қамтамасыз етуді тапсырамын.

8. Керек емес кезекшілікті алып тастау.

Қазір ақпараттандырудың нақты алгоритмі жазылуда. Оған телефондар мен пошта жүйесін пайдалану тапсырылып отыр.

9. Аймақтарда сағат 18:00-ден кейін және демалыс күндері жиналыс өткізуге тыйым салу.

Басшылар жұмыс күнін тиянақты жоспарлауды үйренуі қажет. Аппарат, жиналыс өткізудің жаңа әдістемесін жасауға кірістік.

10. Басшыларға – қызметкерлерге қамқор болу тапсырылып отыр.

Бастық орнында деп барлығы жұмыста отыруы шарт емес. Жұмыста нақты себеп болса ғана отыру тапсырылады. Жұмыс белгіленген жұмыс уақытында істелуі қажет. Содан кейін отбасыларына немесе спортзалға баруына жағдай жасау. Жақындарын қуантсын, балаларға көңіл бөлсін, отбасы жоқтары – отбасын құрсын.

Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Жақып Асановтың Үндеу арқылы жасаған тұжырымдарын Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасында шұғыл қызметкерлердің отбасы мүшелерімен өткен жиында облыс прокуроры Ибраһим Иманов айтып жеткізді.

Өз тілшімізден

Пікір жазу