Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » АРМАН СӘБИТОВ: МӘСЕЛЕ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢМЕН ШЕШІЛЕТІН БОЛАДЫ

АРМАН СӘБИТОВ: МӘСЕЛЕ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢМЕН ШЕШІЛЕТІН БОЛАДЫ

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов Қайнарбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу басында ауыл әкімі Е. Дүйсебаев II тоқсанда көтерілген сұрақтар мен ұсыныстардың орындалуы бойынша ақпарат берді.
Аталған жиында Қасымбек датқа ауылының биі Жаңақұрылыс аумағындағы көшелерде тас төселмеген, алдағы күз мезгілінде қарапайым тұрғындар қиындықтарға тап болатындығын жеткізді. Сондай-ақ, былтыр Зияев көшесінің жартысына электр жарығы тартылған болса, ал жартысы сол күйінде қалып кеткендігін айтты.
Қазіргі таңда ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Көтерілген өзекті проблемалардың бірі – жол, қоғамдық көлік пен сапалы ауыз су. Бұл жұмыстар бойынша аудан басшысы А.Сәбитов нақты қандай шаралар қабылданып жатқандығына тоқталды.
«Бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін, бірақ, кезінде жер учаскелері инфақұрылымсыз таратылып берілген. Салдарынан аудан бойынша 8 Жаңақұрылыс аумағында – ауыз су, электр жарығы, жол сынды мәселелер туындауда. Мәселен, тек Қайнарбұлақтағы барлық мәселелерді шешуге 6.6 млрд ақша қажет. Сондықтан, тұрғындар назарына – біз көтерілген мәселелерді кезең-кезеңмен шешетін боламыз! Яғни, «приоритет» газ, ауыз су мен электр жарығы, ал одан кейін жол жасалатын болады. Мен қазір ауыл аймақтың барлығын аралап жүрмін. Біз инфақұрылым проблемаларынан кейін жаңа мәдениет үйі сынды қажеттіліктердің орнын толтыратын боламыз. Бірақ барлығы жасалатын болады!», — дейді аудан әкімі Арман Сәбитов.
Соңғы уақытта тұрғындар арасында жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – ағын су. Олар «Әсіл арық» каналын бетондап, Ақсукенттен 2 куб су жіберуін сұрады. Ауылда шаруа қожалықтары, одан бөлек әр үйде бау-бақша бар дейді қайнарбұлақтықтар.
Айта кетейік, бүгінде ауданда 53 канал бар, оның 47-і мемлекеттің меншігінде. Осы ретте, әкімдік тарапынан облыстағы Ауыл шауарылық басқармасына қарасты «Тұран су» мекемесіне биыл 8 каналды бетондауға ұсыныс жолданған. Келер жылы тағы өзге де каналдар қамтылатындығы белгілі болды.
Ауылда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен «Шымкент-Шаян» бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолы бойына (Қасымбек датқа ауылына кіре беріс жердегі Ошақты және Шіркін елді мекендеріне бұрылысқа) арнайы жол белгілері орнатылды. Қасымбек датқа ауылына кіре беріс жеріне (бұрылыс аумағындағы жол ортасына) арнайы жол сызықтары сызылды.
Аудан басшысы Арман Сәбитов айтылған әрбір мәселені назарға алып, шешу үшін бар мүмкіндікті пайдаланатынын айтты. Есептік жиын соңында тұрғындар жеке мәселелері бойынша әкімнің қабылдауына кіріп, көкейде жүрген сауалдарын қойды.

Пікір жазу