Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Облыс жаңалықтары » БІЛІМ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАЙТА ПЫСЫҚТАЛДЫ

БІЛІМ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАЙТА ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысындағы білім нысандарының алдағы жылу беру маусымына дайындығы қатаң бақылауда. Қыстан қысылмай шығу үшін дайындық жұмыстары үлкен жауап­кершілікті талап етеді. Соның ішінде жыл сайын жылу қазандықтары мен жылыту құбырларын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары қатаң сұралады. Бұл тұрғыда Түркістан өңірінде де биылғы қысқа дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Оған жауапты мамандардың қам-қарекеті Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндалды.
Облыс бойынша алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. Білім беру нысандарының жылу беру маусымына дайындығы 95% пайызды құрайды. Биыл бірқатар білім ошақтарында қазандықты жаңарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы, мемлекеттік білім беру ұйымдары орталықтандырылған, газ, сұйық отын және қатты отынмен жылытылады.
Облыста 1 275 білім беру мекемесінің ішінде 1274 білім беру ұйымының жылыту жүйелеріне гидравликалық сығымдаудан өткізілді. Білім беру ұйымдарын қатты отынмен жылыту пештерін табиғи газға ауыстыру жоспарлануда. Яғни, ол 5,5%-ға артып, 84 білім беру мекемесі, оның ішінде 6 балабақша, 77 мектеп және бір колледж қосылатын болады. 580 білім беру нысандарына қажетті 120,8 мың тонна көмір сатып алу бойынша жеңімпаздар анықталып, келісімшарт жасалды.
Арнайы мониторинг жұмыстары кей мекемелердің дайындығы мардымсыз екенін көрсетті. Қысқа дайындық жұмыстары барысын пысықтау мақсатында өткен мәжiлiсте аймақ басшысы жауапты сала басшыларына әлеуметтік нысандардың әзірлігін қатаң бақылауда ұстап, қажетті отын қорын уақытылы жеткізуді тапсырды. Дархан Сатыбалды қызметіне сарғырт қараған мекемелерге қатаң ескерту жасады. Жауапты сала басшыларына қысқа дайындықты кешіктірген білім нысандарының басшыларына шара көруді тапсырды.
— Қысқа қамдануға жаздан бері уақыт жеткілікті болды. Кестеден қалып қою, отын дайындау деңгейінің төмен болуы секілді жайттарға жол беруге болмайды. Бұның бәрі – бос сылтау. Жылыту маусымына барлығы толық дайын болуға міндетті. Бұл жұмыстарға ең алдымен әр мекеменің басшылары тікелей жауапты. Бұдан бөлек, білім ошақтарындағы мұнтаздай тазалықты сақтауға да аса мән беру керек. Тазалықты сақтамау – нағыз салғырттық,-деді облыс әкімі.
Барлық білім беру мекемелерімен қатты және сұйық отынды жеткізу бойынша келісімшарттар жасалған. Қатты отын бекітілген кесте бойынша жеткізілуде. Ал, сұйық отын білім беру нысандарының резервуарларының көлеміне сәйкес бекітілген кесте бойынша жеткізілетін болады.
Жиналыста білім саласының басқару жүйесіне енгізілген өзгерістер жайлы айтылды. Үкімет тапсырмасымен аудан, қалалардың әкімдіктеріне мемлекеттік білім беру ұйымдарын әкімшілік-экономикалық қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Пилоттық жобаны іске асыру кезеңінде қаржыландыру – тиісті аудан, қаланың бюджеті есебінен жүзеге асырылады.

Пікір жазу