Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Спорт » БАСКЕТБОЛДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ

БАСКЕТБОЛДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ

Түркістан қаласындағы «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде баскетболдан жасөспірімдер арасында Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай және Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының доценті, профессор, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Алик Валиевті еске алуға арналған халықаралық турнир өтуде.
Баскетбол бәсекесі 2008-2009 жылы туылған ұлдар мен қыздар арасында өрбуде. Халықаралық додаға көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен қатар Шымкент қаласынан және Түркістан облысының бірқатар аудандарынан жалпы 16 команда жиналған.
Жыл санап ауқымы кеңейіп келе жатқан баскетбол бәсекесі жайлы Түркістан облысының тәжірибелі жаттықтырушысы Жанат Арапова өңірімізде жасөспірімдер арасында баскетбол спортының дамуын айтып, жарыстың мақсатына тоқталды.
Тартысқа толы өтіп жатқан сайыста Өзбекстан мен Түркістан облысының құрамасы бас жүлдеден үмітті екендіктерін көрсетуде. Сондай-ақ, қырғыздардың бетке ұстар ойыншысы Әсел Темірқұлова бастаған команда да жақсы ойындарымен көзге түсуде. Бұл турнирде үздіктер қатарынан көріну үшін келген қырғыздық ару Әсел Темірқұлова киелі Түркістан өңірінен алған әсерін айтып, өз ойымен бөлісті.
Айтулы спорттық жарыстың негізгі мақсаты облыс құрамасын айқындап, Ел чемпионатына дайындау.
Осындай халықаралық дәрежедегі жарыстардың көптеп өтуі жергілікті жастар арасында спорттың салтанат құруына көп мүмкіндіктер береді. Айта кетейік, бұған дәлел Түркістан облысының «Тұран» баскетбол командасы әйелдер арасындағы Ұлттық лига ойындарының көш басшысы. Қорытындыда халықаралық жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы тағайындалған кубоктар мен медальдар және алғыс хаттармен марапатталады.

Пікір жазу