Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » «ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ – ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТ АЙНАСЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

«ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ – ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТ АЙНАСЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістан Оқушылар сарайында Қазақ мәдениетінің, руханиятының қара нары, халқымыздың ұмыт болған ұлттық мәдениеті мен әдеп-ғұрпын қайта түлеткен белгілі этнограф, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 92 жылдығын атап өту мақсатында «Өзбекәлі Жәнібек — ұлттық руханият айнасы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға елімізден және Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан сияқты елдерден ғалым, профессорлар мен мұғалім, студенттер қатысып, баяндамалар жасалды.
Мақсат – этнограф, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың өмірін жас ұрпаққа насихаттау, оның ел үшін еткен еңбектерін жаңғырту.
Өзбекәлі Жәнібеков Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданының Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы қиындыққа толы болды. Десе де әкесімен, анасынан ерте айырылған бала қиындыққа төтеп беріп, мойымады. Білім қуып, Алматыға барған еді. Жастайынан-ақ қара жұмысқа үйренген балаға алып Алматының тіршілігі ауырлық салмады, керісінше білім мен мәдениеттің ортасынан бойына көп дүние жинап, оны туған жерінің өркендеуі үшін жаратты. Кейіннен қызметке орналасқан оғланды көз көргендер «Идеологияның тар шеңберіне сыймаған тұлға» деп суреттейді.
Себебі Өзбекәлі сол кездегі қатыгездеу идеологияға қарамастан, Алаш зиялыларының ақталуына атсалысқан, қазақтың Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосқан дара тұлға.
Түркістанға Тайқазанды қайтаруға және Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болған бірден бір жан. Ол мәдениет министрлігіне келген бойда қазақтың сәулет ескерткіштеріне көп мән беріп, кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойды. Атеистік қоғамда Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы мен іліміне бетбұрыс жасады. Құлпытастардағы араб тіліндегі жазуларды да қазақ тіліне аударуға атсалысты.
Өзбекәлі Жәнібековтың конференциясы аясында бірнеше ғылыми жұмыстар жазылып, мақалалар жарық көрді. Сондай-ақ ол жұмыстар негізінде жинақ шығару жоспарлануда.
Оның есімін зерттеу және дәріптеу қазіргі буынға бұйырған бақ. Оқушылар сарайы да қайраткердің өмірін жас буынға жеткізу үшін жобалар мен конференциялардың аясын кеңейтуді мақсат етеді.

Пікір жазу