Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Төлебидегі тынддырымды тірліктер

Төлебидегі тынддырымды тірліктер

Бүгінде Төлеби ауданы кірісінің артуына бір жағынан жаңадан ашылған шағын және орта кәсіпкерлік нысандар, екіншіден туристік нысандар ерекше үлес қосқан. Нәтижесінде биылғы жылдың 9 айында ауданның өзіндік кірісі 3,6 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көбейіпті. Ал жалпы өңірлік өнім көлемі 106,4 млрд. теңгеге жетіп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,1 млрд. теңгеге артығымен орындалыпты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4,7 млрд. теңгені құраса, өнеркәсіп саласында 35 млрд. теңгенің және ауыл шаруашылығы саласында 50,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 24,6 млрд. теңге инвестиция тартылған. Битум өндіру, тамақ өнеркәсібі және құрылыс индустриясы аудан өнеркәсібінің басым бағыттары болып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңында есеп берген аудан басшысы Төлеген Телғараев айтып берді.
– Бүгінгі күннің басты міндеті – жаңа кәсіпорындарды ашып, жаңа жұмыс орындарын құру, ауданға инвестициялар тарту. Бұл бағытта Көксәйек ауылдық округіндегі 35 гектар аумаққа «Қазығұрт бақтары» АШӨК балық шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Құны 2 млрд. теңгені құрайтын жоба іске асырылса, жылына 2 мың тонна балық өндіріледі. 2024-2025 жылдары жүзеге асырылатын жоба арқылы 20 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде ауданымызда ағын су тапшылығы күн санап күрделенуде. Осы мәлелені шешу мақсатында Кемеқалған ауылдық округіндегі 13 гектар жерге сыйымдылығы 1 мың текше метрді құрайтын «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы басталды. Тоған іске қосылғанда суармалы жер көлемі 305 гектарға ұлғайып, Абай елді мекенінің жерлері ағын сумен қамтылады. Қазір аудан тұрғындарының 76 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрады. Осы тұрғындарды қолдау үшін биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында Киелітас, Көксәйек, Бірінші Мамыр және Қаратөбе ауылдық округтерінің азаматтарына несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін ауданға жоспарланған 1,3 млрд. теңгенің 1,1 млрд. теңгесін қамтитын құжаттар тапсырылып, 142 жобаға 817 млн. теңге несие берілді, – деді Төлеген Тұртайұлы.
Әкім сөзіне сүйенсек, Төлеби ауданы таулы аймақ болғандықтан туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыруға басымдық берілген. Тиісінше қазір ауданда демалушыларға қызмет көрсететін 140 туристік орын жұмыс істеп жатыр екен. Олар биылғы 9 айда 31884 демалушыға 691,2 млн. теңгенің қызметін көрсеткен. Сонымен қатар қазіргі уақытта ауданда жеті бірдей сауықтыру және демалыс орындары бой көтеріп жатыр. Нәтижесінде  ауданған келетін туристер саны
55 мыңға жетпек. Сондай-ақ ауданда жаңа инженерлік-инфрақұрылымдар жүргізіп, тұрғын үй нысандары мен білім ғимараттарын салу бағыты да жүйеленген. Мәселен, қазір 5 елді мекенде инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталса, кезекте тұрған 44250 адамның мыңнан астамына жер телімі берілмек. Одан бөлек облыстық бюджет есебінен Қапал батыр көшесіндегі 48 пәтерден тұратын 5 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысын бастауға 60 млн. теңге қарастырылған. Жобаның жалпы құны 2 млрд. 551 млн. теңгені құрайды. Оған қоса 192 млн. теңге бөлініп, халықтың осал топтарына арналған 20 пәтерді сатып алу ресімдері жүргізіліп жатыр.
Енді тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын құру бағытындағы жұмыстарға кезек берейік. Бүгінгі таңда аудан аумағында 680 шақырымды құрайтын 552 ішкі көше болса, жыл соңына дейін оның 614 шақырымын асфальттау жоспарланған. Аудандағы 55 елді мекеннің 54-і ауыз су жүйесіне қосылған болса, ауыз су мәселесін толық шешу үшін Жаңакүш елді мекенінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, келер жылы аудан халқы толықтай сапалы су тұтынғалы тұр. Дәл солай 54 елді мекенге табиғи газ жеткізілген болса, жыл соңына дейін барша төлебилік «көгілдір отынға» қол жеткізеді деп көзделген. Одан бөлек биыл облыстық бюджеттен 989 млн. теңге қарастырылып, қаржы 29 елді мекендегі 73 көшеге электр желісін жүргізуге және трансформатор орнатуға жұмсалады. Биыл мемлекеттік қаржы есебінен 12 көше және жеке инвестиция есебінен 1 көше жарықтандырылған.
Төлеби ауданында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін білім, мәдениет және спорт нысандары да салынып жатыр. Қазір ауданда 68 мектеп жұмыс істеп тұрса, биыл тағы бірнеше білім беру мекемесінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында жаңадан 4 мектеп салынады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ аудан халқына 55 денсаулық сақтау мекемесі қызмет етіп жатқан болса, мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосымша 45 млн. теңге бөлінген. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 5 медициналық нысан салынбақ. Ал мәдениет саласы бойынша 15 мәдени нысан мен 31 кітапхана жұмыс істеп тұр. Одан бөлек биыл бірде-бір мәдени нысаны жоқ Момынай елді мекенінде мәдениет үйінің құрылысы аяқталса, Киелітас елді мекенінде 146 орынды мәдениет үйі бой көтеруде. Сонымен бірге тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда
400 спорттық нысан қызмет көрсетіп тұр. Соңғы жылдары мемлекет есебінен 6 кіші футбол алаңшасы және демеушілер тарапынан 1 спорт кешені мен 7 футбол манежі салынған.
– Ауданда жұмыспен қамту шаралары кеңінен жүзеге асырылуда. «Еңбек» бағыты бойынша 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. «Бастау бизнес» жобасы аясында 944 адам оқып, сертификат алды.
«10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бойынша 1101 жаңа жұмыс орны ашылды. «Жастар практикасымен» 215 жас және қоғамдық жұмыс орнына 936 азамат жолданды. Аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 631 отбасыға 232 млн. теңге және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 90 адамға 124 млн. теңге төленді. Халықтың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді, – дейді аудан әкімі.

Пікір жазу