Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » КӨҢІЛДІ ДЕМЕГЕН КҮМІС ЖАС

КӨҢІЛДІ ДЕМЕГЕН КҮМІС ЖАС

Қалай десек те, орта жастағыларға кәсіби біліміне сай жұмыс табу оңай емес. Осы мақсатты ұстанған орта буындарға Үкімет «Күміс жас» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама елу жастан асқандарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында Төлеби ауданында тек жастар ғана емес, зейнет жасына таяған азаматтар да тұрақты жұмыспен қамтылады. 50 жастан асқан адамдар мұндай мүмкіндікке «Күміс жас» жобасы арқылы қол жеткізе алады. Аталған жоба 2022 жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында іске қосылған болатын.
Ханарық ауылының тұрғыны Гульбаев Гайрат мемлекеттің қолдауының аясында «Сарвар» жеке кәсіпкерінің мекемесіне құрылыс көлігін жүргізуші қызметіне жұмысқа орналасқан.
– Жасым 53-те, негізі еңбек өтілім бар бірақ кей себептермен жұмыссыз қалып қойдым. Осындай бағдарлама бар екенін естіген соң қатысып көруді шештім. Мамандардың нұсқауымен ақпан айында жұмысқа қабылдандым. Жұмыс ыңғайлы, өзіме ұнайды. Еңбектенбей, өзгелерден көмек күтетін адамдарға айтарым мемлекет халық үшін бағдарламаларды шығарып жатқан кезде мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. «Күміс жас» жобасы атына сай атқарылып жатыр екен. Мен өз құрдастарыма қатысыңдар деп кеңес беретін болдым, – дейді.
«Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастыру барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен мекемелерде ұйымдастырылады. Бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды жүйелі жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыссыздар жолданады.
Айта кетерлігі, «Күміс жас» бағдарламасы үш жылға ұласады. Бұдан бұрын бағдарламаға зейнет жасына шығуға екі жыл қалғандар қатысатын. Жаңа талапқа сәйкес 50 жастан асқандар да жұмыспен қамту орталығына барып, білімін жетілдіріп, жұмысқа тұра алады.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағидаларға бірқатар өзгеріс енгізіліп, жобаға 50 жасқа толған азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ зейнеткерлік жасқа толмаған адам кемінде 1 жыл мерзімге жұмыспен қамтылса, 58 жастан асқандарға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыс беруші айлық мөлшерінің 30%-ын, ал қалғанын мемлекет тарапы төлейді.

Пікір жазу