Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТӨЛЕБИ: ЖАҢАКҮШ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ МЕШІТ АШЫЛДЫ

ТӨЛЕБИ: ЖАҢАКҮШ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ МЕШІТ АШЫЛДЫ

Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Төлеби ауданы Зертас ауылдық округі Жаңакүш елді мекенінде ауыл тумаларының демеушілігімен «Жаңакүш» атындағы мешіт ашылды.
Имандылық үйінің ашылу салтанаты «Нұр» мешітінің ұстазы Ерлан Базарбайұлының Құран оқуымен басталды. Төлеби ауданының бас имамы Үсен Сәуірбаев мешіттің ашылуына мұрындық болған Дарихожаев Марат Махамбетқайырұлына бас мүфтидің марапатын табыс етіп, оның ұлдары Данияр, Ержан, Сержан, Абзал, Дарханға бас мүфти мен облыстың бас имамының алғысын жеткізді.
Сәні мен сәулеті жарасқан құлшылық ордасының ашылуына ат салысқан Жаңакүш елді мекенінің бірқатар азаматтары облыс бас имамы мен аудан бас имамының «Алғыс хатымен»: марапатталды. Салтанатты жиында мешіт имамына аса таяқ пен қасиетті Құран Кәрім табысталды.
Қасиетті жұма күні іске қосылған мешіттің ашылуына арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров ауыл халқын имандылық үйінің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Жаңа мешіттің жанында асханасы орналасқан аумаққа дастархан жайылып, марқұмдардың рухына құран бағышталып, қонақтар әсем мешіттің ішін аралап танысты. Жастарға имандылық тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттауға арналған құтты мекенді жеке қаражатына тұрғызған Марат Махамбетқайырұлы ауыл халқы ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Мешіт – мейірімділік мекені, руханияттың ортасы. Қоғамды ізгілікке шақырып, ибалы болуға үйрететін 65 -ші мешітте бір мезгілде 150 жамағат намаз оқи алады.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір жазу