Басты бет » Ауыл жаңалықтары » КИНО АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ ҚАСИЕТТІ ОТЫРАРДА

КИНО АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ ҚАСИЕТТІ ОТЫРАРДА

«Кино – руханияттың жаңғыру көзі» жобасы Отырар ауданында жалғасты.

Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, «Оңтүстікфильм» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында
«Кино – руханияттың жаңғыру көзі» жобасы облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасымен өңіріміздің аудан, қалаларында Оңтүстікте түсірілген  көркем және анимациялық фильмдер апталығымен жүзеге асуда.

Салтанатты ашылумен Қазығұрт ауданында шымылдығын түрген кино апталық Отырар ауданында жалғасты.

Тарих пен тағылымға бай Оңтүстік өңірінің əрбір аймағы рухани құндылықтар сабақтастығын ұрпақ баласына аңыз-әңгімелер ғана емес кино жанры арқылы да насихаттап, киелі мекендердің тарихтағы орны мен қадір-қасиетін жаңғырту болашақтың басты талабы болса, соның ішінде Отырар ауданының да үлесі мол. Отыз бабтың ордасы атанып Арыстанбабтың рухы қонған  киелі жер – Əбу Насыр Əл-Фараби мен білімді  шəкірттер тəрбиеленген медресесі, тарихтан дерегін күткен кітапханасы мен қайсар, берік қайратқа ие халқының ерен батырлығының ізі қалған «Отырар төбе» Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалалардың өшпес ізді сырын аңғартады.Осы орайда «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «САҚ» киностудиясының бірлесуімен облыс əкімі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының тапсырмасымен «Отырарды қорғау» анимациялық фильмі жəне «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмі, «Көне жетігеннің сыры» 13 сериялы фильмі түсірілсе, Отырар ауданының əкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлының тапсырысымен «Көне құмыраның сыры», «Отырар дастаны» анимациялық фильмдері жарыққа шығып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына оң серпін берілді.

Ендігі мақсат – рухани құндылықтарды дəріптеуге арналып, кино саласында өз орнын қалыптастыра бастаған туындыларды əр аудан, қалада апта бойына кеңінен насихаттап, тұрғындарды толықтай қамтып, фильмдерді тамашалауға қолдау  көрсету, тарихы мен тағылымын түсірілімдер арқылы жаңғырту. Өскелең ұрпақты өз елінің батырларын, туған елінің киелі жерлерін, ұлттық салт-дәстүрін дәріптеп, қастерлеуге шақыру. Сонымен қатар, бірлікке, татулыққа, тақпырлыққа тәрбиелей отырып, жасөспірімдердің туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін ояту, жастардың рухани санасын жаңғыртуға үлес қосу. Мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыта отырып, ауылдық клубтар мен халық арасындағы мәдени байланысты жақсарту.

Отырар ауданындағы кино апталығын аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов құттықтау сөзбен ашып беріп, аудан тарапынан өшпес мұраларды жаңғырту ісі қарқынды жүзеге асып, алға қойылып отырған жоспарларда да тарихилық із назарда екендігі айтылды. Сонымен қатар, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков фильмдер тарихы мен жасалуының ұрпақ үшін  маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта құнды туындылар жоспары ауқымды екендігін жеткізді.

Іс-шара барысында  2017 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша дайындалған «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмдері жəне Отырар ауданының əкімі Е.Айтахановтың тапсырысымен жасалған «Көне құмыраның сыры» анимациялық фильмі көрсетілді.

Шараға Отырар ауданының әкімдігі жəне зиялы қауым өкілдері, облыстық, жергілікті БАҚ өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.
«Кино – руханияттың жаңғыру көзі» жобасы аясында  «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұйымдастыруымен (кестеге сәйкес)  облысымыздың аудан, қалаларында Оңтүстікте түсірілген фильмдер апталығы ары қарай жалғасын табады.  Отырар ауданы бойынша  бірқатар елді мекендердің мәдениет үйлері мен клубтарында кино көрсетілімдер өтетін болады.

М.Сабыр

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*