Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » КӨНЕ ҚАЛАНЫҢ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ – 01

КӨНЕ ҚАЛАНЫҢ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ – 01

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының шыққанына жарты жылдан асса, осы алты айдың ішінде елімізде ауқымды жобалар қолға алынып, жүзеге асуда. Көптеген тың бастамалар, ұлағатты істер Оңтүстіктен бастау алатыны белгілі. Облыс орталығы Шымкент қаласының күніне орай шаһарда күн сайын маңызды жиындар, қызықты шаралар өтуде. Солардың бірі, бірегей археологиялық нысан «Шымкент» көне қалашығында қарқын алған қазба жұмыстары. Біз сол ескі қала аумағына барып, қазба жұмыстарын өз көзімізбен көріп қайттық.

Біз қазба жұмыстары нағыз қызған шағында барған екенбіз. Мамандар көпғасырлық жер қабатына үңіліп, бүгінгінің басты «Шымкентке қанша жыл?» деген сауалына жауап іздеуде. «Біздің алдымызда қалашықтың оңтүстік және оңтүстік батыс бөлігіндегі қорғандардың қалай соғылғанын анықтау мақсаты тұр, – дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ның ғылыми қызметкері Азамат Ергешбаев. – Бәрі де ежелгі суреттермен сәйкес келеді. Мұнда қамалға кіретін есік болған. Қазба жұмыстары енді басталса да, қызықты заттар табылды.

Ал Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкері Нұржан Бейсенов мұндағы жұмыстар үш кезеңге бөлінгенін айтады. Бірінші кезеңде – кейінгі орта ғасырдағы қаланың қорғаныс жүйесі зерттелуде. Яғни, қазір екі мұнараның орны табылыпты. Одан кейін «Оңтүстік және Оңтүстік батыс» бөліктердегі орта ғасырға дейінгі құрылымдардың сырлары ашылады. Соңына қарай Цитадель зерттеледі.

– Қазіргі жоспар бойынша жұмыстар 2018-2020 жылдарға арналған. Біз ғылыми-зерттеу қазба жұмыстарының нәтижесінде базалық мәліметті ұсынамыз. Одан кейін сәулетшілер өздерінің жобаларын жасайды. Биылғы жұмыс бойынша біз сол қорғаныс жүйелері бойынша мәлімет беруіміз керек, – дейді ол.

Бір айға жуық атқарылған жұмыстың нәтижесінде бірқатар материалдар табылған. Мәселен, кіреберіс қақпаның оң жақ бетінен зеңбіректің оғы шықты. Археологтардың тұжырымдауынша, ол ХІХ ғасырға жататын калибр сынықтары. Бұдан өзге білезік, жүзік сияқты әшекей бұйымдары мен 17 қола және күміс тиыннан тұратын көмбе, керамикалық қыш құмыралар шыққан. Қазір бұл жәдігерлерге қалпына келтіру жұмыстары жасалынуда.

Жалпы, мұндағы қазба жұмыстары он төрт метр мәдени қабатты құрайды. Келешекте салынатын «Көне Шымкент қалашығы» этномәдени кешенінің әлеуеті зор. Яғни, мұндағы археологиялық қазбалар қоршалып, оның жанынан қазіргі заман мұражайы, қолөнер шеберлері бөлмесі, сауда-ойын-сауық кешені, мұз айдыны, әмбебап көрме залы, лекция залы, т.б. нысандар бой көтереді. Бұған дейін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан 462,5 гектарды құрайтын «Көне қала аумағын толық жайғастыру» жобасы дайындалған еді. Ендігі ретте 2020 жылға дейін көне қала орнын абаттандырып, туристерді тартар нысанға айналдыру міндеті тұр.

Әйгерім Бегімбет

Пікір жазу