Түркістан қаласында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына жəне «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына орай мектеп оқушылары арасында дəстүрлі XXII «Ясауитану – 2018» Халықаралық байқауы өтті. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жиырма екі жылдық тарихы бар «Ясауитану» байқауына биыл еліміздің Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола облысы, Алматы облысы, Ақтөбе облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Қызылорда облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан облысы және Түркістан қаласы және Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан Республикаларынан 41 оқушы қатысып бақ сынады.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған білім және өнер сайысының мақсаты — Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, «Әзірет Сұлтан» кесенесіне жерленген дара тұлғалардың елі үшін атқарған еңбектерін, сондай-ақ, Түркістан қаласының тарихын, Әмір Темір дәуірінен қалған құнды ортағасырлық жәдігерлерді және музей ісін насихаттау.
Сайысқа қатысушылардың білімін «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің директоры орынбасры Серік Үркімбаев, «Əзірет Сұлтан» қорық-музейінің бас редакторы Əбдікерім Манапов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университетінің профессоры теолог, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университетінің профессоры, дінтанушы Зікірия Жандарбек, «Əзірет Сұлтан» қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Нұржамал Əшірбекова сарапқа салды.
Бірінші кезеңде хикметтерді еш мүдірмей жатқа айтудан сынға түскен үміткерлер дарындылықтың ерен үлгісін көрсетті. Екінші кезеңде Қазақ хандығының тарихына, Қожа Ахмет Ясауи бабамызға, «Әзірет Сұлтан» музейіне қарасты тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерге қатысты сұрақтарға жауап берді.
Аса тартысты өткен «Ясауитану» байқауының екі кезең қорытындысы бойынша,
Бас жүлде Хайрулла Аружан – 150 000 теңге (Түркістан облысы)
Бірінші орын Рахимова Нилуфар – 100 000 теңге (Түркістан қаласы)
Екінші орын Әбітбек Эльвира – 75 000 теңге (Астана қаласы)
Екінші орын Ибадилла Аида – 75 000 теңге (Түркістан облысы)
Үшінші орын Дадажанов Нұрсұлтан – 50 000 теңге (Түркістан қаласы)
Үшінші орын Сайып Назым – 50 000 теңге (Түркістан облысы)
Үшінші орын Сембекова Аяулым – 50 000 теңге (Алматы облысы)
Сонымен қатар жүлде қорынан он оқушыға ынталандыру сыйлығы ретінде 20 мың теңгеден жүлде берілді.
Байқауымызға қатысқан Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінен келген оқушыларға және Қазақстанның түкпір түкпірінен келген сайыскерлер мен шәкірт тәрбиелеген ұстаздарға қорық-музей әкімшілігі тарапынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған, Түркі халықтарының рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтері мен ілімін насихаттап, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандырып, жас өркеннің интеллектуалдық пайым-парасатын арттыратын бұл байқау әлі де өзінің жалғасын табады.
© DIDARBEK.kz